Kyzylorda-news.kz Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру мақсатында, Қызылорда облысының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткіге қарсы бейнероликтер байқауын ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - халықтың назарын салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігіне аудару, бос уақытты тиымды пайдалану және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқауға жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен оқу орындарының студенттері қатысты.
Білім бөлімдері өткізген байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне 62 адам қатысып, үздік жұмыстар екінші турға жіберілді. Байқау финалына қатысу үшін 32 конкурстық бейнеролик ұсынылды.
Құрамына полиция қызметкерлері, «Қызылорда еріктілері» қорының, «Жастар спорттық туризмі және туристік көпсайыс» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері кірген сайыстық комиссия 12 жұмысты атап өтіп, оның 4-ін үздік деп таныды, олар: М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Ердібек Диана, Қызылорда қаласы N112 орта мектеп оқушысы Кемал Әлиасқар, Қазалы ауданы N204 орта мектеп оқушысы Жарылқасын Нұрай, Арал ауданы N14 мектеп-лицей оқушысы Оңалбек Қасымбек.
Сайыста жеңіске жеткен жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады және есірткіге қарсы іс-шараларды өткізу кезінде үгіт материалы ретінде пайдаланылады.