Kyzylorda-news.kz. Жыл өткен сайын Сырдың көркейіп, гүлденіп, сәулетіне сән қосқанын жергілікті тұрғындар да, қала қонақтары да үнемі айтып жүреді. Бұл қаланың қай жағынан болмасын жүйелі жұмыстың нәтижесінде дамып келе жатқанын білдірсе керек. Әсіресе, Қызылорда қаласы өзгелерден тазалығымен ерекшеленеді.
Жалпы облыс орталығының санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз етуге барлығы 846,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 10,3 миллион теңгесі құрамында сынабы бар жарамсыз шамдарды жинауға және залалсыздандыру жұмыстарына бөлінген. Биыл қалада жыл басынан бері 34,1 мың м³ күл-қоқыс шығарылған екен. Ол орталық полигонға төгіліп, залаласыздандыру жұмысы жүргізілген. Қала тазалығы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында. Бүгінде тазалық сақтау мәдениеті қала тұрғындары арасында да қалыптасып келеді.
Шаһарды көркейту жұмысының бірі – абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары болып табылады. Бұл бойынша барлығы 1 184,1 миллион теңге қаражат қарастырылған. Соның нәтижесінде бірқатар ілкімді жұмыстар атқарылуда.
Қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарынан бөлек, жаяу жүргінші көпірін күтіп ұстау жұмыстары да басты назарға алынған. Оның ішінде «Жайна» сауда үйінің аумағында Қазыбек би көшесіндегі жаяу жүргінші көпірі, Абай даңғылы Болашақ университеті аумағындағы жаяу жүргінші көпірі, Жібек жолы көшесімен Ділманов көшесінің қиылысында жаяу жүргінші көпірі, қалаға қарасты көше жиегіндегі және көпқабатты үйлер ауласындағы бордюрлерді жөндеуге және ауыстыру, Сүлейменов көшесіндегі №64, № 51 және 51А көпқабатты тұрғын үйлердің аула ішілік жолдары мен автотұрақтарын жөндеу, Әйтеке Би көшесіндегі №23 көпқабатты тұрғын үйдің аула ішілік жолдары мен автотұрақтарын жөндеу жұмыстары бар. Сонымен қатар, Қызылжарма, Жібек жолы каналдарын күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 27 миллион 9 мың теңге бөлінген.
Сонымен қатар, қала көшелерінің төл құжаттарын дайындауға қалалық бюджеттен 16,3 миллион теңге, жерлеу орындарын күтіп ұстау және туысы жоқтарды жерлеу жұмыстарына 17,1 миллион теңге қаражат бөлінген.
Соңғы кездері көшені жарықтандыру жұмыстары да қолға алынып келеді. Тұрғындардың талабы да осы болатын. Кешкілік уақытта, әсіресе, қыс мезгілі ерте түсетіндіктен көшелерге жарық шамдарын орнатуға көп көңіл бөлінді. Қазір Қызылорда қаласының 823 көшесінің 170 көшесі яғни, ұзындығы 352,8 шақырымы жарықтандырылған. Оған 10 537 - жарық бағаналары, 9 994 - жарық шамдары, 59 скверлер мен аллеялар және 86 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары кіреді. Ал, жарықтандыру жұмыстары бойынша барлығы 913,7 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 7,5 миллион теңгеге Мырзабаев көшесі мен Астана даңғылынан Ж.Бекхожаев көшесіне дейін түнгі көше жарықтары орнатылады.
Қаланың инфрақұрылымдық дамуының бір көрсеткіші – көшелердің асфальтталуы. Жалпы, Қызылорда қаласының аумағында жалпы ұзындығы 694 шақырым болатын 823 көше бар екен. Оның ішінде 823 көшенің 546-ы асфальттанған, 189-не тас жол төселген, 88-і қара жол. Жергілікті бюджеттен бөлінген 8 332,6 миллион теңгеге 177,3 шақырымды құрайтын 252 көшенің орташа және ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде:
- Қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 6,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге 2 783,4 млн. теңге; (РБ – 1 959,1 млн. теңге, ОБ – 1 925,2 млн. теңге)
- Орташа жол жөндеу жұмыстары бойынша 70,1 шақырымды құрайтын 122 көшеге 2 067,3 млн. теңге; (ОБ – 1 797,3 млн. теңге, ҚБ – 270,0 млн. теңге)
- Тас жол құрылысы бойынша 63,6 шақырымды құрайтын 81 көшеге 1 388,1 млн. теңге;
- «Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде 36,1 шақырымды құрайтын 46 көшенің орташа жол жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 992,9 млн. теңге бөлінді. (Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтеріне)
Биыл қала тұрғындарының базынасына айналған біршама мәселе оң шешімін тапты. Соның бірі белкөлдіктердің ұзақ жылдан бері күткен теміржол арқылы өтетін жаяу жүргішілер көпірі. Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін аяқтауға облыстық бюджеттен 109,4 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек, Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпір құрылысының толық бітуі үшін Ұлттық қордан 331,7 миллион және облыстық бюджеттен 34,9 миллион теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, биыл құрылыс басталған Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірді салуға да Ұлттық қордан 288,5 миллион теңге, облыстық бюджеттен 32,1 миллион теңге қаралған.
Қаланың даму деңгейі ондағы атқарылған жұмыстың нәтижесінен көрініс табатыны белгілі. Биылғы жылғы құрылыстың басты көрінісі Бейбарыс сұлтан көшесі бойында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан бастап «Қызылорда – Құмкөл» трассасына дейінгі Сұлтан Бейбарыс көшесін реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттен 2 349,0 миллион теңге көлеміндегі қаржы бөлінген. Бүгінде бұл аумақ 4 жолақты жолға кеңейтілуде. Бұған қоса Е.Көшербаев көшесінің С.Бейбарыс көшесінен Бөкейхан көшесіне дейінгі автомобиль жолын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 434,4 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық бюджеттен 105,7 миллион теңге бөлінді, оның ішінде 45 дана бағдаршамды күтіп ұстауға 17,4 миллион теңге, жол белгілерін орнатуға 17,2 миллион теңге, жол белгілерін күтіп ұстауға 5,4 миллион теңге, жасанды тегіс емес қондырғы орнатуға 4,5 миллион теңге, жол таңбаларын сызуға 61,2 миллион теңге қаражат қарастырылған. Тағы бір айта кетер жайт, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қосымша дыбысты бағдаршамдар орнатуға облыстық бюджеттен 0,3 миллион теңге бөлінген. Ал, әлеуметтік маңызы бар қалааралық қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға «Автобус паркі» ЖШС-не облыстық бюджеттен 1434,0 миллион теңге қаржы бөлінген.