Kyzylorda-news.kz Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің cтуденттер сарайында Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, мектеп мұғалімдері мен жастар қатысты.

Қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев Қызылорданың астана болған кезеңдегі оқиғаларға, тарихта алатын орнына тоқталып, 1925 жылы Ақмешітте өткен Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінде қабылданған тарихи шешімдерге шолу жасады. Атап айтқанда, сол съезде «қазақ» атауы қайта беріліп, Ақмешіт қаласы Қызылорда болып өзгертілді. Бұл шешімдердің жүзеге асуына Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Қоңырқожа Қожықов сынды тұлғалардың атсалысқаны айтылды.

Алғашқы болып сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман «Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қызылорданың 1925-1929 жылдардағы республика астанасы ретіндегі рөліне тоқталып, сол дәуірдің саяси-әлеуметтік ахуалын жан-жақты саралады.

Одан кейін сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ғабит Тұяқбаев «Сыр өңіріндегі қазақ зиялыларының ізі» тақырыбында баяндама жасап, Алаш ардақтыларының Қызылордада жүргізген ағартушылық және саяси қызметіне тоқталды.

Сонымен қатар жиында Қызылорданың көне ғимараттары, олардың тарихи маңызы мен қазіргі жай-күйі туралы Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының басшысы Ерқазы Алданазаров, қаладағы архив құжаттары туралы Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Жанат Абзалиева, кітапхана қоры мен тарихи әдебиеттер жөнінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапханашысы Ақмарал Серікбаева және қала тарихы музейінің ғылыми қызметкері Гүлзира Әубәкір мазмұнды баяндамалар жасады.

Қызылорда да тұңғыш қазақ драма театры құрылып, сахна төрінде Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды тұлғалардың шығармалары қойылды.

1925 жылы Қазақ халық ағарту институты Қызылордаға көшіріліп, оған Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов секілді зиялы қауым өкілдері дәріс беруге атсалысты. Ал Сәкен Сейфуллин 1927-1928 жылдары осы оқу орнында басшылық қызмет атқарды.

Қызылорданың ел тарихындағы орны айрықша. Бұл қаланы қазақ руханияты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі десек, артық айтқандық емес.

Жиын соңында қатысушылар Қызылорданың тарихи кезеңдерін зерттеу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда мұндай шаралардың маңызын атап өтті.

Мерейлі 100 жылдыққа арналған дөңгелек үстел – Қызылорданың тарихи рөлін жаңаша зерделеуге, ұлттық сананы жаңғыртуға арналған мазмұнды жиын болды.

Тағы да оқыңыз: