Kyzylorda-news.kz. Жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өсім бар. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласында 20 миллиард 281 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 111,8 процентке артқандығы байқалады. Бұл туралы шаһар басшысы Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Сала мамандары негізгі капиталға салынған инвестиция 53 миллиард 884 миллион теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 127,8 процентке өскендігін айтады. Сонымен қатар құрылыс саласында да серпінді жобалар атқарылып, бүгінде 12 миллиард 910 миллион теңге көлеміндегі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 113,1 процентке жетіп отыр.
Сондай-ақ, облыс орталығы бюджетінің кірістер болжамы (трансферттер мен зайымдарды қоса есептегенде) 106,6 процентке орындалса, бөлшек сауда көлемі 95 миллиард 428,8 миллион теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 101,7 процентке өскен.
Сонымен қатар, жыл басынан жаңа жұмыс орындарына 4 800 адам жолданса, оның 683-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
