Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын құрылысы қарыштаған Қызылорданың үрдісі биылда толастаған жоқ. Бұл жолы қаланың сол жағалауында бұрын-соңды болмаған 7 және 9 көпқабатты үйлердің іргетасы қалануда. Одан бөлек, түрлі әлеуметтік нысандар, оның ішінде медициналық ғимараттар бой көтермек. Ал, қаланың басты көшелерінің біріне айналған Бейбарыс сұлтан көшесі нағыз руханият пен өркениеттің көрінісіне айналған. Мұнда облыс әкімдігінен бастап, қаладағы ірі білім ордалары, ана мен бала орталығы, сәбилер үйі, шығармашылық үйі, «Сыр ана» монументі сынды мәдени-әлеуметтік нысандар орналасқан. Аталған көшедегі мәдени орындардың қатары биыл да толысатын болады. Оған себеп, 1000 орындық «Өнер» орталығы мен 110 орындық «Неке» сарайы ғимаратының салынуы. Былтыр іргетасы қаланған бұл нысандар бұйыртса, биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Қол ұстасып бірге жүрген ғашықтардың жаңа өмірге қадам басып, шаңырақ көтеру ниетін қолдау, жастардың отбасылық өміріне бастау болар сондай нысанның бірі – «Неке» сарайы. Оның іргесі былтыр қаланған. Бүгінде біршама бой көтерген ғимараттың құрылысы әні-міне, дегенше аяқталуға жақын.
Иә, айтып өткендей аталған ғимараттың құрылысы былтыр басталған болатын. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоба болғандықтан өткен жылы алғашқы кезеңінде 240,3 миллион теңгенің қаржысы жұмсалған. Биыл енді 1 миллион 235,5 мың теңгесі игерілуі керек. Ал, жобаның жалпы құны 1.миллиард, 500 мың теңгені құраған. Бүгінде құрылыс аумағы 1 гектар жерді қамтып отыр. Оның ішінде ғимараттың жалпы ауданы 2100 шаршы метрді құрайды. Осынша көлемдегі құрылыс нысаны 110 орындыққа арналған.
«Неке» сарайы аты айтып тұрғандай, заңды түрде некесін қидыруды көздеген жас-жұбайлардың мекені. Сондықтан өмірдің ең тәтті әрі бақытты кезеңі есте қалу үшін ғимарат іші көз тартарлықтай әсемделетін болады. Мұны бізге әңгіме барысында аталған нысанның құрылысын жүргізіп жатқан "Авангард ПГС" ЖШС құрылыс компаниясы бастығының орынбасары Перуза Алдашбекқызы айтты.
«Сыйымдылығы 110 орынды құрайтын «Неке» сарайының құрылыс мерзімі сегіз айға жоспарланған болатын. Алайда, қыс мезгілінің ауа-райы қолайсыз болғандықтан, құрылыс жұмысы баяулаған. Биыл көктемде ғимараттың құрылысы қайта жанданып, қазіргі таңда, жобаның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Былтыр "Неке сарайының" бой көтеруіне шамамен жиырмаға жуық адам жұмыс жасаған. Айта кетейік, қазіргі уақытта нысананың құрылысына 65 адам жұмылдырылған, оның бесеуіі жұмыссыздық бойынша жұмыспен қамтылған. Бұйыртса, биыл қыркүйек айында ел игілігіне беру көзделіп отыр. Шаңырақ көтеретін жас-жұбайлардың ең бақытты сәтінде, неке қию рәсімі ерекше үлгіде өтеді деген сенімдеміз. Себебі, бұл жоба заманауи үлгідегі архитектуралық талаптарға сай, қазақы нақыштағы оюмен өрнектеліп, киіз үйге ұқсас етіп салынуда. Оның ішін мәрмәр таспен көмкерер болса, сыртқы бөлігін фасад- травертинмен қаптайтын болады. Жалпы, осы ғимараттың салынуына, құрылыс заттарының – 90 проценті отандық, яғни, өзіміздің қазақстандық өнім болып табылады», – дейді мердігер мекеме басшысының орынбасары бізбен әңгімесінде.
Құрылыс маманының сөзінше, мұнда тек неке қию рәсімі ғана емес, басқа да түрлі мәдени іс-шаралар өткізіледі екен. Неке сарайының биіктігі екіқабатты болады. Негізінен бұл құрлысы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың мұрындық болуымен облыстық бюджет қаражаты есебінен салынуда. Ғимарат биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Неке» сарайының құрылысын жүргізуші «Авангард ПГС» ЖШС құрылыс компаниясы 2006 жылы құрылған. Бүгінде аталған құрылыс мекемесінде 145 маман тұрақты қызмет атқарады. Мекеменің құрылғанына 17 жыл болған. Сол аралықта қала аумағында 26 көпқабатты үйлер салып, 12 жылу жүйесінің нысандарын жүргізген. Ал, өткен жылы Жаңақорған ауданында сыйымдылығы 300 орындық болатын мектеп құрылысын аяқтап, қазіргі таңда оқушыларға пайдалануға берілген. Биыл Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс округіндегі Байсын ауылына 250 орындық білім ордасы салынуда. Сонымен қатар, сол жағалауда 40 пәтерлі көпқабатты үй бой көтеруде. Өздеріне артылған жауапкершілік жүгін көтере білетін «Авангард ПГС» ЖШС талапқа сай, заманауи үлгіде, мектеп, көпқабатты үйлер мен ғимараттарды сапалы, әрі халықтың игілігіне пайдалануы үшін, белгіленген мерзімде аяқтап абыроймен атқаруға тырысады.
Осы орайда, қала кәсіпкерлерінің туған жерге деген құрметіне, өз істеріне деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтуге болады. «Неке» сарайының әсемдігін айшықтау түсу, әрі некен қидыруға келген жастарға ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында мердігер мекеме есебінен ғимарат алдынан арнайы субұрқақ салу көзделуде. Жоба-сметалық құжатта көрсетілмеген субұрқақты аталған мекем өз қаражаты есебінен салатын болады. Бүгінде жұбайлық өмірде айрықша орны қалыптасатын ғимараттың шаңырақ тектес күмбезі орнатылыпты.
Көзді ашып-жұмғанша, жаз мезгілі де аяқталып, күздің қалай жеткенін де байқамай да қалармыз. Күз мезгілі нағыз тойдың, әсіресе шаңырақ көтеру мерекесінің қызатын шағы. Дәл осы шақта «Неке» сарайының ел игілігіне берілуі бас қосатын жастар үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Осыдан соң қызылордалықтардың өз неке сарайы болады. Онда ең қуанышты, әрі бақытты сәттер тойланып, есте қалары анық.