Kyzylorda-news.kz. Адам кітап оқуды қойған күні ойлаудан қалады. Ал ойлауды қойса, дамудан, сапалы өмірден, өркениеттің ең жоғары жетістіктерінен мақұрым қалмақ. Ой мен идея талқыға түсетін «Puzzle coworking center» – қы¬зылордалықтардың сүйікті орны. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды IT мамандығы бойынша аяқтаған қызылордалық Батыр Темірханұлының бұл жобасы бұрынғылардан өзгерек. 24 жастағы кейіпкерімізбен бизнес жобасы, алдағы жоспарлары жайында сұқбаттасқан едік.

– Коворкинг орталық ашу идеясы қалай келді?

– Шамамен бір жыл бұрын кірісіп, кофехана ашқан едік. Осыған дейін басқа форматта, яғни, B2G секторы бойынша мемлекеттік жұмыс істейтінмін. Уақыт өте келе B2c секторына өтіп, тұтынушы сұранысын қамтамасыз ететін бизнес бастағым келді. Қызылордада тамақтанатын орын, кафе, клубтар жеткілікті. Киім дүкендері де бар. Меніңше, тұлғалық, интеллектуалдық жағынан дамуға септігін тигізетін жаңа орындар ашылу керек. Осылайша алғашқыда кітап оқуға арналған кофехана ретінде ашылған едік. Бірақ кофеханадан гөрі «coworking» ашқым келген екен. Оны жақында ұқтым. Өйткені ол кезде коворкингтің не екенін, мәнісін түсінбеппін. Білсем, басынан бастап осы форматта ашар едім. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Наурыз айында ашылғанымызға бір жыл толады.

– Тұрғындар неге сіздерді таңдайды?

– Басқа кофеханалардан ерекшелігіміз – біздің міндет тек кофе мен тәтті ұсыну емес, білім ұсыну, мидың дамуына, рухани демалуға жағдай жасау. Яғни, қызылордалықтардың қарым-қатынасын нығайтуға себепші болсақ дейміз. Мұнда апта сайын ашық түрде бизнес-кездесу, семинарлар, тренингтер өткізіледі. Қазір кофехана деп танитындар аз. Коворкинг орталық ретінде танылып келеміз. Сондықтан өзге кофеханалармен салыстырып, оларға бәсекелес ретінде қараудың қажеті жоқ.

Бізде үстел ойындарының түр-түрі бар. Монополия, мафия, шахмат ойнауға келетін клиенттер қатары көп. Тимбилдингке қатысты топтық дамытушы ойындар да жеткілікті. Семинар өткізуге ыңғайлы болу үшін проектр орнаттық, арнайы тақталар әкелдік. Сонымен қатар жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі қосылған. Негізі «антикафе» бағыты – коворкингтің бір тармағы. Коворкингте білім беру жағы көбірек қолға алынса, антикафеде көңіл көтеру мен білім қатар жүреді. Бізде де коворкинг ретінде білім жағына маңыз берілгенмен, антикафенің де қажетті тұстарын алдық. Мысалы, үстел ойындары миды дамытуға да әсер етеді, жағымды көңіл-күй де сыйлайды.

Біздің тұрақты келушілер – 20-30 жас аралығындағы қызылордалықтар. Жасқа ешқандай шектеу жоқ. Кейде 10 жастағы балалар да келеді. Мәселен, бізге күнара келіп тұратын мұғалім бар. Өзімен бірге сыныбындағы оқушыларын ертіп әкеліп, білім береді. Сол секілді үлкен кісілер де қонақ болады. Олар көбіне бизнес жобаны талқылауға, маңызды іскерлік кездесу жасауға бізді таңдайды. Осыған орай тұрақты келушілер арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. «Неге бізді таңдадыңыз?» деген сұраққа көбісі «Басқа кофеханаларға қарағанда тыныш. Жайлылық бар» деп жауап берді. Демек, қонақтар үшін үстел ойындары мен кофеден де маңызды дүние – жайлылық.

«Кино time» форматында ашық отырыс өткізілді. Тағы қандай жобалар бар?

– Кешегі аптада белсенді жас Талғат Меңдібаевтың бастамасымен «Кино time» форматында ашық отырыс өтті. Яғни, барлық адамға кіру тегін. Проектр арқылы ағылшынша кино қосылып, орысша субтитрлар ұсынылды. Көрермендер туындыны толық қарап біткен соң өзіндік әсерімен бөлісіп, режиссердің айтқысы келген ойын талқыға салды. Дәл осылай әр апта сайын өзгеше бағыттағы бір шара ұйымдастыруды қолға алдық. Мысалы, бір аптада кітапқұмарлардың отырысы болса, келесіде қандай да бір жобаның талқылауы өтеді. Менің тарапымнан осындай бағыттағы шараларды бізде өткізуге ұсыныс тасталады. Әр сенбі не жексенбіде тегін семинар не вебинар өткізуге болады. Алайда жиындар міндетті түрде ашық болу қажет. Бастысы – қызылордалықтардың дамуына, білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасау. Жабық форматта да өткізуге болады. 

Бірақ ол ақылы түрде, келісім арқылы ұйымдастырылады. Алдағы уақытта жоспар көп. Негізгі мақсат – осы жобаны кеңейту, үлкен коворкинг орталығына айналдыру. Сол арқылы франшизамен айналысып, Қазақстанның басқа да қалаларына коворкинг орталықтарын ашсам деймін.

– Ісіңізге сәттілік!
 

Тағы да оқыңыз: