Kyzylorda-news.kz. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2023 жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралықта Қызылорда облысының тұрғындары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 55,3 млрд. теңге аударды, оның 34,1 млрд. теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 21,2 млрд. теңге - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі, - деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Жинақталған қаржы сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген Ұлттық банкте сақталады және МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалуда.
Қор филиалының басшысы МӘМС аясында аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметтерді egov.kz электрондық үкімет порталында «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметін пайдалана отырып тексеруге болатындығын еске салды.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ҚР барлық азаматтарына, қандастарға және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге қолжетімді екенін білу маңызды. ТМККК бойынша пациент емхана деңгейінде алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті алады. Барлық сақтандырылған азаматтарға қолжетімді МӘМС тізбесіне консультативтік-диагностикалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту кіреді. Яғни, медициналық қызметтердің кең тізімі. Бұл ретте МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматтарға олардың жарналарының мөлшеріне қарамастан көрсетілетінін мәлімдейміз», – деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.
