Kyzylorda-news.kz Сыр өңіріндегі NIS оқушылары Ернұр Сәду мен Айдар Бижанұлы Шымкент қаласында өткен World Robot Olympiad – 2025 халықаралық робототехника олимпиадасының республикалық кезеңінде III орынды иеленді.

Биылғы байқау еліміздің барлық өңірінен жиналған 300-ге жуық қатысушыны біріктірді. Қатысушылардың жартысын жалпы білім беретін мектептердің оқушылары құрады, оның ішінде ауыл мектептерінен келген 10 команда бар. Олимпиаданы дәстүрлі түрде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырды.

Биылғы маусымның тақырыбы – «Future of Robots» (Болашақ роботтары). Жас инженерлер бұл бағытта адамзат өмірін жақсартуға және жаһандық мәселелерді шешуге арналған жобаларын ұсынды.

Сайыс төрт негізгі санат бойынша өтті: RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers. Соңғы санатта қызылордалық зияткерлер жоғары инженерлік дайындық пен жобалық ойлау қабілетін көрсетіп, жүлделі үштіктен көрінді.
Сондай-ақ RoboMission санатында NIS Қызылордадан қатысқан тағы екі команда жақсы нәтиже көрсетті. Мақсұтбек Бірлік пен Жеңіс Әбілхайыр, сондай-ақ Әбсалям Сұңқар мен Ахметов Жарқынбек үздік нәтижесі үшін арнайы дипломдармен марапатталды.

Оқушыларды технологиялық шығармашылыққа және инженерлік ойлауға жетелеп жүрген тәжірибелі ұстаздар – Серік Ахметов пен Мәди Жуматаев.

Тағы да оқыңыз: