Kyzylorda-news.kz. Қазалы қаласында тұратын үшем Дариға, Әлия, Динара Шәкір саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскесіне келді.
Үшем Қазалы аграрлық-техникалық колледжінде орналасқан №66 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бір-бірінен ешқашан ажырамаған бауырлар өз таңдауын жасауға бірауыздан атсалысты.
«Әрбір саяси науқанды құр жібермейміз, міндетті түрде келіп дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз, берген дауысымыз еліміздің болашағы үшін маңызды» дейді үшем.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Арман Мұсаев үшемдерге арнайы сый-сияпат тапсырды.
Айта кетейік, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күні Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.