Kyzylorda-news.kz  Әлемдік Global Firepower рейтингі бойынша Қазақстан тұрақты әскери күшімен 58­ші орынға көтерілген, ал өткен жылы 63­ші орынға ие болған. Рейтинг әлемдегі 145 мемлекет бо­йынша сараптама жұмысын жүргізеді, демек бұл көрсеткішті әлі де жақсарту керек деген сөз.

Әскер десе қашқақтап, Отан алдын­ дағы борышын өтеуден жалтарып жүрген жастардың қатары азаймай тұр. Десе де осы олқылықтың орнын толтыру үшін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі алғаш рет республика көлемінде «Әскердегі бір күн» оқу-­жаттығу далалық жиынын өткізді.

Бұл тың бастама бұрын­соңды ешқандай білім беру мекемесінде орын алмаған. ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облыстық департаментінің қолдауымен оқу­жаттығу «Наурыз» далалық әскери орталығында өтті. Жастардың бойына Отанға деген махаб­бат пен патриоттық сезімді дарытуды көздеген далалық жиынға колледждің 100­ден астам 1­курс студенті қатысты. 100 студент үшке бөлініп, 1 әскери жасақ болып құралған.

Бұл әскери іс-шараның мақсаты – жас азаматтарды әскери борышын өтеуге шақыру, батылдыққа бейімдеу, Отанға құрмет көрсетуге, моральдық-психологиялық тұрғыда мығым болуына, салауатты өмір салтын ұстануына бағыттау.

– Әскери жиынды өткізу – өзіміздің идеямыз. Студенттерді Отансүйгіштікке, мемлекетті қорғауға, ұлттық құндылықтарымыз бен сұлу табиғатымызды аялауға үйрету – патриоттық тәрбиенің басым бөліктерінің бірі. «Қазіргі жас азаматтар әскерден қашады» деген қауесет әлеуметтік ақпарат көздерінде жиі кездеседі. Алайда біздің көздегеніміз оны жоққа шығару, – дейді М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова.

Сарбаздардың бір күні таңғы жаттығудан бастау алып, далалық жиын соңы жас әскерлермен кездесу кешіне ұласты. Сарбаз қатарын толықтырған жас азаматтармен кездесу алаңына Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы Мыңділда Рышауов, ҚР ҰҚК шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, майор Өмірбек Аманбаев және өзге де сала мамандары қатысты.

– Бір күн болса да әскери тәртіпті сезініп көру маңызды. Әскер қатарына енгенде, осы алған бір күндік тәжірибе сарбаз сапындағы өмірге дағдылануға көмектеседі деп сенеміз. Жастарға әскери өмірді, темірдей тәртіпке дағдылануды көздейтін мұндай іс-шараларды дәріптеудің тәрбиелік маңызы орасан зор. Қазіргі жігіттердің санасын қорқыныш емес, өзіне деген сенім билеуі тиіс. Ақпарат айдынындағы дереккөздердің барлығы шынайы емес, сол себепті жалынды жастар үрейге бой алдырмауы қажет. Әскери құпия қатаң сақталуы – міндет. Әскер – ел алдындағы азаматтық борышыңды өтейтін орын. Әскери өмірге бір қадам ретінде ұйымдастырылған бұл іс-шараға қатысқан әрбір білім алушы ендігі сарбаз өмірінен хабардар. Яғни, психологиялық тұрғыда студент өзін дайындауға мүмкіндік алды. Қатарға қосылып, сіңісіп кету, мол жауапкершілікті алу расымен де қиын. Сол себепті осындай шаралар арқылы жастарды әскери өмірге дайындап, олардың қызығушылығын арттыруымыз керек, – дейді запастағы аға лейтенант, БӘжТД оқытушы ұйымдастырушы Оңдасын Жолдасбайұлы.

Бейбіт заманның балалары білім алуға, жаңа технологияларды игеруге әуес. Алайда ұлтқа қызмет ету тек білім алумен шектелмейді. Далалық жиын қонақтары рухани-патриоттық атмосфераға толы кеште студенттермен сарбаздық өмірдің қыр-сыры мен әскери кезеңнің маңызы, тарихта қалған тағылымды оқиғалар туралы әңгіме өрбітті. Отанға қызмет тек білекпен ғана емес, жүрекпен орындалуы тиістігі туралы кеңінен айтылды.

– Расымен де кейінгі жылдары әскерге барғысы келетіндердің қатары күрт азайды. Сондай-ақ Instagram,Tiktok желілеріне шығатын кейбір ақпарат ата-аналардың көңіліне үрей тудырады. Алайда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ұйымдастырылған әскери далалық жиын түбегейлі ойымды өзгертті. Жаңа сезім, тың тәжірибе мені ерекше күйге бөледі.

Оқу-жаттығу кезінде әскери өмірдің біз білмеген тұстарымен танысып, теориядан бөлек практикалық білім алдық. Әскерге шақыртуды қазір алмасақ та, болашақта Отан қорғаудан қашпаймыз. Далалық жиын барысында аға буынның ақыл-өсиетін тыңдап, өмірлік сабақ алдық. Бірге ән айттық, алау жақтық, шаршағанымызды да сезбедік. Оқытушылар түрлі әскери әдістерді үйретті, сондай-ақ нағыз қарулы күштердің қауқарын ұғындық. Әрбір азамат үшін ел алдындағы абыройлы парызын орындау – міндет. Батыр халықтың ұрпағы екенімізді ұмытпайық, – дейді әскери жиын қатысушысы, студент Ерасыл Айдарбек.

Түйін. Қазақстаның айбары мен сенімді қорғанысына айналған Қарулы күштердің құрылғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Оның құрамында 80 мыңнан астам қызметкер бар. Қарулы күштердің қарамағына елдің әрбі аймағындағы әскерлер кіреді. Яғни, Құрлық әскерлері, Әскери-теңіз күштері және Әуе қорғанысы.

Әскерден жалтарып жүргендер көп, дегенмен ел Президенті оларға арнайы жеңілдіктердің қарастырылғанын айтты. Енді олар оқуға еш қиындықсыз түседі алады. Сарбаздар банкке берешек болса, әскердегі кезеңінде төлем уақытын шегереді. Сондай-ақ өз қалауымен әскери саланың маманы болып шыға алады. Қарулы күштерде қызмет атқаратын жандардың еселі еңбегін елеусіз қалдырмас үшін бұдан бөлек тағы да көптеген ынталандыру жеңілдіктері қолға алынды.

Елдігіміздің маңызды алғышарттарының бірі – әскери күш. Отанымызды күн-түн демей қорғап, әр жанұяның тыныштығын сақтау мақсатында қайсар жүректі азаматтарды даярлау – ел игілігі үшін екенін есте сақтайық.

 

Н.Нышанова
Фото: inbusiness.kz

Тағы да оқыңыз: