Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер өрттің алдын алып, қала тұрғындары мен Өзбекстан Республикасының бес азаматын құтқарды.
19 сәуір күні сағат 10:59 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел «102» арнасына қала аумағында жеке үйдің бірінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті.
Полиция қызметкерлері жедел қызметтерге хабарласып, оқиға орнына жетіп, тұрғын үйден зардап шекендерді шығару мақсатында шұғыл әрекетке көшеді.
Полицейлер оқиға орнына жеткенде тілсіз жау күш алып, үйдің ішін қою түтін басқан. Түтін арасынан жол тапқан полицейлер үй ішін тексеріп, бөлмелердің бірінен 73 және 69 жастағы қала тұрғындарын және жұмыс істеуге келген 5 Өзбекстан Республикасының азаматын эвакуациялап, адамдарды құтқару жұмыстарын шебер ұйымдастырған. Құтқарылған азаматтардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
«Бірі қалмай сыртқа шығарылғанына көзіміз жеткенше үйге кіріп, түтінге оранған бөлмелерді қайта-қайта тексердік», - дейді полиция қызметкерлері.
Осылайша, полицейлердің батыл шешімі адам шығынының алдын алды. Бастарын қатерге тіккен Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Бауыржан Тобағабылов пен полиция лейтенанты Жандос Мәлік нағыз азаматтықтың үлгісін көрсетті.
«Қандай жағдай болмасын бірінші кезекте халыққа көмектесу міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік немесе батырлық деп санамаймыз. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері болса солай жасар еді. Бастысы адамның өмірін арашалап қалдық», - дейді учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Тобағабылов.
Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Антына адалдық танытқан қайсар полицейлер марапатқа ұсынылады.
