Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Тасбөгет полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны арызданған болатын. Үй ауласында сарай есігін бұзып кіріп белгісіз біреулер тұрмыстық заттарын ұрлап кеткен. Қазіргі таңда келтірілген материалдық шығын есептелуде.
Тасбөгет полиция бөлімінің полицейлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдікті ретінде 43 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Айғақ заттар тәркіленіп, үй егесіне қайтарылды.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 3 тармағымен (тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Сыр сақшылары Қызылорда қаласында дүкеннен киім ұрлаған тұрғынды қолға түсірді.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасына облыс орталығындағы киім сататын дүкендердің бірінен арыз келіп түскен. Дүкеннен белгісіз біреулер ұрлық жасаған.
Ұрлықты ашу мақсатында полиция қызметкерлері дүкендегі камераларды қарап шықты. Нәтижесінде күдікті анықталды. 46 жастағы қала тұрғыны дүкенге сатып алушы ретінде келген. Содан өзіне ұнаған киімді тығып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрланған зат тәркіленді. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 – бабының 2 - бөлігімен сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде. Полиция қызметкерлері бұл азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
