Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер сауда үйінен құндыз тон ұрлаған жүкті әйелді қолға түсірді. Қазіргі таңда күдікті Қызылорда қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Дүйсенбі күні сағат 14:30 шамасында Қызылорда қаласы полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері «ізін суытпай» ұрлық қылмысын ашты. Сол күні «102» телефон желісіне қала аумағындағы ірі сауда үйінің бірінен жәбірленушіге тиесілі құндыз тонның ұрлағандығы жөнінде хабарлама тіркелген. Полиция қызметкерлерінің кәсіби және жедел әрекеттерінің арқасында қылмысқа күдікті, бұрын сотты болған 28 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта тон иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Күдікті басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полицейлер оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтайды. Жәбірленуші әлеуметтік желі арқылы бейнежазбамен криминалды полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.
