Kyzylorda-news.kz Балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ішкі істер министрлігі жариялаған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» тұжырымдамасы аясында өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсіп-жетілуіне ерекше мән берілуде.

«Бала қуанса, әлем қуанады» деген ниетті алға тартқан қызылордалық полицейлер Балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара өткізді.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубәқабылұлы жас өрендерді мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

«Балалар – еліміздің жарқын болашағы, тәуелсіз мемлекетіміздің ең қымбат байлығы. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ішкі істер министрі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы деп жариялады.

Бұл бастама өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсіп-жетілуіне ерекше мән берілетінін көрсетеді.

Осы мерекеде барша бүлдіршіндерге шаттыққа толы балалық шақ, зор денсаулық, жарқын болашақ және оқуда табыс тілеймін! Әр баланың күлкісі сыңғырлап, армандары асқақтай берсін!» деді О.Омаров.

Балаларға қуаныш сыйлау мақсатында арнайы ұйымдастырылған мерекелік шара қызықты ойындар мен танымдық бағдарламаларға ұласып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұдан бөлек балаларды шығармашылыққа баулу, олардың қиялдарын жүзеге асыру арқылы өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында сурет байқауы ұйымдастырылды. Балалар тақырып бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Әсем суреттер салынды.

Қатысушылардың көпшілігі шығармашылықтарын таныта отырып, өздерінің айқын қабілеттерін көрсетті.

Іс-шараға аниматорлар шақырылып, олар балалар арасында конкурстар мен эстафеталар өткізді.

Тəртіп сақшыларымен арнайы балалар үшін ұйымдастырылған мерекелік шара барысында балалар полиция қызметкерлерімен әңгімелесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Бұл мереке балалар үшін жарқын және есте қаларлық күн болды. Балалар полицейлерге алғыстарын айтып, естелікке суретке түсті. 

Тағы да оқыңыз: