Kyzylorda-news.kz. Бүгін еліміз бойынша мектеп түлектері үшін ұмытылмас күн - бітіру кеші өтпек. Оны жас түлектер ерекше толқумен күтуде, өйткені олар үшін бұл балалықпен, мектеппен, ұстаздарымен және мектептегі достарымен қоштасу күні. Және ең бастысы - ересек өмірге алғашқы қадамдары. Бүгінде облыстағы түлектер саны 8 мыңнан асады. 

Әнмен әрленіп, күймен көмкерілген салтанатты шарадағы қауіпсіздік мәселелерін полицейлер ерекше бақылауға алады. Мұндағы мақсат – мектеп бітірушілердің қауіпсіздігін қадағалап, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу. 

«Келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері іс-шаралар өткізілетін жерлерде қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау және қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Әр білім беру ұйымына полиция қызметкерлері бекітілген. Қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, мектеп бітіру кештерінде тікелей іс-шаралар өтетін орындардың жанында патрульдік полиция нарядтары кезекшілік етеді. Жол және қоғамдық қауіпсіздікті 600 – ге жуық полиция қызметкерлері мен 137 автопатруль жүзеге асыратын болады. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын аттаған түлектерді үлкен өмірге қадам басуымен құттықтап, елдің өркендеуіне үлес қосатын маман болып шығатынына сенім білдіремін», - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мұғалімдермен, мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата – аналарымен профилактикалық әңгімелер өткізіп, негізгі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірді. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын тағы да еске салады. Іс-шаралар өткізілетін орындарда қандай да бір төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дереу полицияға хабарласуларыңызды сұраймыз.

Тағы да оқыңыз: