Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының полиция департаментінде департамент бастығының орынбасары полиция подполковнигі Жұмағұлов Ілияс Байжұманұлының төрағалығымен облысымыздағы екінші деңгейдегі банк қызметкерлерімен кездесу өтті. Кездесу барысында интернет алаяқтықпен күрес, оның алдын алу мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр және оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді.
Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар.
Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында болып отыр. Ол дегеніміз - қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез-келген уақытта интернет алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін.
Қылмыскерлер уақыт талабынан қалмай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануда. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр.
Ағымдағы жылдың 4 ай қорытындысымен облыс көлемінде жалпы 46 интернет алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға немесе 70 дерекке азайған.
Дегенмен, ескерту және алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде атқарылып жатқанымен интернет алаяқтардың қақпанына түсетіндер азаймай тұр.
Техника дамыған сайын алаяқтар да жұртты алдап, табыс табудың әдіс-айласын жетілдіріп келеді. Мысалы, қазір әлеуметтік желіде «банк пен шағын несие ұйымдарының кредитін жауып беремін» деген жарнама толып тұр. Соларға сеніп, айтқан ақшасын аударып, алданып қалып жатқандары қаншама. Туыстары мен таныстарының атынан онлайн несие рәсімдеп, оларды миллиондаған қарызға батырып жатқандар да кездесіп қалады.
«Бүгінгі күнге алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында тиісті іс-шаралар атқарылуда. Құқықтық сауатымызды көтеріп, қай нәрсеге де жауаптылықпен қарасақ әркімге алданатындар да, барын соларға беріп, бәрінен баз кешкендей күйге түсетіндер де азаяр еді. Полицейлер тарапынан облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы қандай сақтық шараларын сақтау керектігі түсіндірілуде. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жаднамалар таратылды. Бүгінгі кездесулер сынды бірлескен шаралар интернет желісінде және байланыс жүйелерінде жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимылда оң нәтиже беретініне сенімдіміз», - деді департамент бастығының орынбасары полиция подполковнигі Жұмағұлов Ілияс Байжұманұлы.
Қызылорда облысының Полиция департаменті облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларына мұқият болып, қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану керектігін ескертеді. Сонымен қатар, алаяқтық фактілері орын алған жағдайда тез арада полицияға хабарлау қажеттігін еске салады.