Kyzylorda-news.kz. «Бала қуанса, әлем қуанады» деген ниетті алға тартқан Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері кезекті игі іс-шараны ұйымдастырып, ерекше балаларды қуанышқа бөледі.
1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы «түзету» мектеп-интернаты коммуналдық мемлекеттік мекесінің ерекше балалары «Бала арманы» атты өздерінің тілектерін жазған болатын. Сол армандар кітапшасына спорттық киім, құрастырмалы ойыншық, балдық көйлектер, спорттық аяқ киім, қыстық күртеше және сөмке сынды қажетті құралдары мен ерекше қызығушылықтарын жазған болатын.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ерекше балалардың арман тілектерін орындап, балақайлардың жүзіне күлкі ұялатты. Іс-шара барысында сыйлықтарды үлестіріп, өздерінің полицей екендіктерін жеткізіп, әлемде ешбір бала жыламасын деп тілек білдірді.
«Құрметті балақайлар келіп жеткен мерекелерің құтты болсын. Барлық армандарың орындалсын. Ең бастысы дендерің сау болып, ауырмаңдар! Біз сендердің тыныш ұйықтауларың үшін күні-түні қызмет етеміз! Қашанда қолдау, көмек көрсетуге дайынбыз», - деді кадр саясаты бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Мақсат Садыбеков.
Сондай-ақ мектеп-интернатының басшысы балаларды елеп-ескеріп келген полицейлерге ризашылықтарын айтты.
«Сіздер, бүгін біздің балаларымызға айрықша мереке тарту еттіңіздер. Демалыссыз атқаратын жұмыстарыңыздың арасында балаларға уақыт тауып отырсыздар. Шынын айтсақ, балалармен қатар, өзімізде қуанып тұрмыз. Біздің қорғаушыларымыз, қаламыздың тыныштығын күзететін сіздерге үлкен рақмет», - деп атап өтті мектеп-интернат директоры Жамбыл Ахметов.
Қызылордақалалық Полиция басқармасының азаматтардың әрбір талап-тілегін ескерусіз қалдырмауға тырысады.