Kyzylorda-news.kz «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» қарсаңында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының басшылығы погонды аруларды мерекемен құттықтады. Бүгінгі бар қошемет осы аяулы жандарға арналды.
Рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне ұйымдастырылған бұл шара «Анаға тағзым» орталығында өтті.
Полиция саласында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген қыз келіншектер жетерлік. Олар жүгі ауыр мамандықты арқалағанмен, отбасының да қиындығын көтеріп жүрген жандар. Бүгінгі салтанатты шара барысында шаңырақ берекесімен қатар, қызметтің тізгінін тең ұстаған әйел полицейлерді құттықтау үшін Қызылорда қаласы Полиция басқарма бастығының орынбасары полиция майоры Садыбеков Мақсат Тұрымханұлы қатысты.
Іс – шара барысында «Мінсіз қызметі үшін» медальімен, Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Серік Ергешовтің «Грамотасы» басқарма басышысы Дәулет Сүлейменұлының «Алғыс хатымен» нәзік жанды арулар марапатталды.
Сіздерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз үшін ізгі лебіздерімізді қабыл алыңыздар. Сіздер жауаптылығы жоғары мамандықты таңдадыңыздар, күн сайын ер адамдармен бірге Қызылорда қаласының игілігі үшін қызмет атқарудасыздар. Жарқын мереке күні Сіздерге отбасының амандығын, деннің саулығын, адал махаббат жылуын, шынайы сүйіспеншілік шуағын тілеймін!» деген жылы лебізін білдірді Мақсат Тұрымханұлы.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегі, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды.
