Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел «102» арнасына облыс орталығында орналасқан сауда орталығының алдында белгісіз тұлғаның бір азаматқа пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалағандығы жөнінде хабарлама түскен.
Хабарлама бойынша дереу қала аумағында орын алған қылмыс туралы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыт-бағдар берілді. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен қала көшелерінің бірінде күдікті азаматтың басқаруындағы автокөлік тоқтатылды. Автокөліктен айғақ заттар алынды. Айта кетерлігі, күдіктелген азамат көлігінің мемлекеттік нөмірлерін алдын ала шешіп алған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Негізінен Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығында полицейлер тәулік бойы үздіксіз өз жұмыстарын атқарып келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіпті сақтау мақсатында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жедел жұмыстарды жүзеге асырады.
Жыл басынан бейнебақылау камераларының көмегімен 49 қылмыс ашылып, 12775 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
