Kyzylorda-news.kz Байқоңыр қаласында «Адал азамат: табиғатты аялау және суға құрмет» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Іс-шара «Су және білім» атты білім беру жобасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан мен Өзбекстандағы (Арал теңізі бассейні) балалар мен жастар арасында су ресурстарын ұқыпты пайдалануға тәрбиелеуге бағытталған. Жоба ЮНИСЕФ, Француз дамыту агенттігі , Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетімен бірлесіп жүзеге асты.
Диалог алаңының бастамашысы – Қармақшы аудандық білім бөлімінің қолдауымен №273 пилоттық орта мектеп ұжымы. Ауқымды іс-шараға 100-ден астам педагог, сарапшы және өңірдің білім беру қауымдастығының өкілдері қатысып, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ, су ресурстарын ұқыпты пайдалану мәселелерін талқылады.

Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды, экологиялық сананы және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру. Сонымен қатар экологиялық білім беру саласындағы озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу мен таратуға ерекше назар аударды.
Бағдарлама аясында қатысушылар үздік тәжірибелерін ұсынып, экологиялық тәрбие мен су үнемдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Тұрақты даму тақырыбын білім беру үдерісіне енгізу жолдары бойынша тәжірибе алмасу да қарастырылған.
Семинар қорытындысы бойынша өңір педагогтеріне арналған практикалық ұсынымдар әзірленіп, экологиялық білім берудің тиімділігін арттыруға және табиғи ресурстарға саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталды.

