Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өткен кәсіби шеберлік байқауында Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінің взвод командирі, аға лейтенант Қарабек Шынболат Қайратұлы үздік атанды. Алматы қаласында ұйымдастырылған сайысқа өңірлік қолбасшылыққа қарасты 11 әскери бөлімнің офицерлері қатысты.
Байқау барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы, әскери жарғылар мен құқықтық нормаларды меңгеруі, дене дайындығы, әдістемелік шеберлігі және командирлік қабілеті сынға түсті. Тартысты өткен сайыста аға лейтенант Қарабек Шынболат жоғары нәтиже көрсетіп, 5547 әскери бөлімінің абыройын асқақтатты.
Шынболат Қайратұлы 1996 жылғы 10 қарашада Қызылорда облысы Қазалы ауданының Көбек бекетінде дүниеге келген. Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепті тәмамдап, 2014–2018 жылдары Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған.
Оның әскери қызмет жолы 2019 жылғы 25 мамырда мерзімді әскери қызметке шақырылуынан басталды. Алғашқы әскери даярлығын 5571 әскери бөлімінің оқу пунктінде өтіп, кейін 6654 әскери бөлімінде пулеметші, 5574 әскери бөлімінде маман-техник болып қызмет атқарды. Қарапайым сарбаздан басталған әскери жолы оның тәжірибе жинақтап, командирлік қабілетін қалыптастыруына негіз болды.
2020 жылғы қараша айынан бастап офицерлік құрамда қызмет етіп келе жатқан ол 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бері 5547 әскери бөлімінің 1-жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының жауынгерлік қамтамасыз ету взводын басқарып келеді.
Білікті офицер қарамағындағы жеке құрамның жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, әскери тәртіпті нығайтуға және жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделуіне ерекше көңіл бөледі. Қызмет барысында жинақтаған тәжірибесі мен үздіксіз дайындығы оның өңірлік байқауда жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік берді.
Қызылордалық офицердің бұл жеңісі – табанды еңбек пен кәсіби шеберліктің нәтижесі. Оның жетістігі жас әскери қызметшілерге үлгі болып қана қоймай, 5547 әскери бөліміндегі жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.
Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген аға лейтенант Қарабек Шынболаттың жетістігі – Ұлттық ұланның мерейін үстем еткен маңызды жеңістердің бірі.
