Kyzylorda-news.kz. Жалпы, осыған дейін кітапханашылардың мәртебесі де, жалақысы да төмен болды. Алайда соңғы бір-екі жылдың көлемінде бұл мәселе шешімін тапты. Тіпті былтырдан бастап 24 қазан «Кітапханашылар күні» деп бекітілді. Бұл жаңалық барша кітапханашыларға қуаныш сыйлағаны анық.
Өкініштісі сол, әлі күнге олардың жұмысын оңай деп ойлайтындар көп. Алайда кітап сақшысы болудың да өз жауапкершілігі бар. Сондықтан кітапханашы болу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Өйткені кітаптың қасиеті мен құдіретін терең түсінген адам ғана рухани орында жұмыс істейді. Ал бүгінгі кітапханашыға қойылар талап көп. Олар ең алдымен, жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, оқырманның талғамына сай әдебиетті ұсынуы керек. Бір сөзбен айтқанда, кітапхана табалдырығын аттаған әрбір оқырманның сұранысын қанағаттандыра білу қажет. Ол үшін ең бірінші кітапханашы сауатты, жан-жақты болуы шарт. Міне, оларға артылар жауапкершілік жүгі де осы.
Бүгін тілшілік қызметті бір мезет кітапханашылыққа ауыстырдық. Қызылорда қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлмира Рахметоваға хабарласқан едік, бізге А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхананы ұсынды. Осылайша кітапханашының бір күнгі жұмыс барысымен танысып, өзімізді кітапханашы ретінде сезініп қайттық. Мұнда бір ерекшелігі, заман талабына сай кітапханашылар енді қағаз толтырып, карточка ашпайды. Кітапханада оқырманға электронды қызмет көрсетіледі. Бізге жұмыстың мән-жайын орталық кітапхананың меңгерушісі Қарлығаш Махамбетжанқызы таныстырды. Оқу залындағы кітапханашы апайдың қасына жайғасып, жұмысқа кірісіп кеттік. Ең алдымен кітапты уақытылы тапсырмаған оқырмандарға хабарластық. Одан қалды, кітапханаға келген студенттерге іздегенін тауып беруге атсалыстық. Осылайша жұмыс барысы жүре берді. Журналист болған соң, бәрін білгің келеді ғой. Ол жерде қандай кітаптар барын сұрап, құнды, ескі кітаптың қалай сақталатынын білдік. Кітапханашы мұнда кітаптың атауы мен ретін, оның мазмұнын білу маңызды. Алдыңа келген оқырманға тек бір әдебиетті қолына ұстата салып, «өзің тауып ал» деу кітапханашы мәдениетіне жат. Жоғарыда айтып өткендей, кітапханада әр бөлімнің жұмысы өз алдына қызық.
Кітапханадағы тыныштық
Расында, бірінші курс студенті сабақтан шыға сала кітапханаға жүгіреді. Бұл жағдай бәріміздің де басымыздан өтті. Кітап бетін ауыстырғандағы әлсіз сыбдыр ғана бұзатын оқу залындағы тыныштық әлі есімде. Ал сессия уақытында мұнда ине шаншыр жер болмайтын. Бір үстелге бес адамнан отырып, бір кітапқа он шақтымыз кезекке тұрып, күтіп отырушы едік. Жас болған соң, бір-бірімізбен сөйлесеміз. күлеміз. Әйтеуір, тыныштықты бұзамыз. Сондай кезде кітапханашыдан ескерту аламыз. Бір жақсысы қандай кітап сұрасаң да, бірден тауып береді. Біз оны қызық көріп, бәріміз жамырай, ана кітап, мына кітап деп кітапханашыны отырғызбаушы едік.
Қазіргі кезде халық арасында кітапханаға кім барады?, кітапханашы не істейді?, кітап оқылмайды деген теріс пікірлер көп айтылады. Себебі бүгінде ғаламтор – басты орында. Сондай-ақ бірнеше томды еркін сыйғыза алатын электронды кітаптар да жетерлік. Жасыратын несі бар, бүгінде интернет әр үйдің қожайынына айналды ғой. Қолымыздан келетін дүниені жасамай, алтын уақытты босқа өткізіп жүрміз. Дегенмен бұл пікірге кітапханашылар мүлдем келіспейді. Себебі кітапхана қайнаған тіршіліктің ортасы. Мұнда оқырмандармен тығыз байланыс орнату мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар ақын-жазушылардың айтулы күндері міндетті түрде аталып өтіледі.
Оқылмайтын кітап бар ма?
Орталық кітапхана меңгерушісінің айтуынша, ешқашан кітаптың қадірі кетпейді. Өйткені кітап – рухани азық, білімнің бұлағы, руханият¬тың шырағы. Бір сөзбен айтқанда кітапты көп оқыған адамның күштімен күресер құдіреті бар. Осы орайда жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген дана сөзі еске түседі. Алайда «Кітап маған тақтан да қымбат», – деп айтып кеткен Шекспирдің әдемі тәмсілін «Интернет маған кітаптан да қымбат» деп жүрген жастар жетерлік. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Арамызда кітапхана табалдырығын тоздырып, кітап оқып, «маған уақыт қымбат» деген жастар да көп. Кітапханашының айтуынша, негізі барлық жанрдың өз оқырмандары бар. Мәселен, біреуі тарихты жақсы оқыса, енді бірі көркем әдебиетті таңдайды. Бүгінде тек оқылмайтын бұрынғы кеңес үкіметі кезінде жарық көрген саяси кіаптары ғана есептен шығарылуда.
Қолдан-қолға тимейтін кітап көп
Рухани азықтың қажетті қорын іздеген жан кітап¬ханаға барары сөзсіз. Қарап тұрсаңыз, онда иісі, ауасы, аурасы бөлек бір әлем қол бұлғайды. Тіпті ұялы телефонға телмірген уақытта кітапханада кітап оқып, миың мен жаныңды тыныштандыру деген ерекше сезім. Мұны сөзбен айтып жеткізу әсте болмас. Оны барып, сезінген адам ғана түсінері анық. Кітапханада отырғанымызда студенттер көбіне психологиялық кітаптарды көп сұрады. Соған қарағанда оқырмандар көбіне алға жетелейтін, өмірге деген құштарлығын оятатын мотивациялық еңбектер мен психологиялық құралдарды, аудармаларды сұрайды. Сондай-ақ шетел әдебиеттерінің аудармалары сұраныста екен. Кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Махамбетжанқызының айтуынша, егер оқырман сұраған әдебиет не еңбек кітапханада болмаса, арнайы тізім түзіп, сол әдебиеттерді алдыруға тырысады. Олар тіпті әлеуметтік желілер арқылы да оқырманның қандай кітап оқып жатқанын зерделеп отырады. Сонымен қатар көркем әдебиетті де жастар жақсы оқиды екен.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхананың әлеуметтік желіде белсенді екенін де білеміз. Олар күнделікті өткен шарасын салып, оқырман тартып, олармен байланыс орнатуда. Бір сөзбен айтқанда, оқырманға кітап беріп қана қоймай, түрлі шаралар өткізіп, руханиятқа өзіндік үлес қосып келеді. Әсіресе «Пандемия» кезінде жазушылар мен ақындарды, қайраткерлер мен ғалымдарды әлеуметтік желінің әлеуетімен оқырман қауыммен қауыштырып, тікелей эфирде тілдестірді. Ұдайы онлайн шаралар өткізді. Ондағы мақсат – жас өрендердің кітапқа деген ынтасын ашу, әдебиет әлемімен таныстыру, таным көкжиегін кеңейту. Негізгі аудиториясы балалар және жасөспірімдер болғанымен, мұнда түрлі буын өкілдері келеді. Әсіресе, кітапханашылар өзге ұлт өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан.
Орталық кітапханада 107 мыңнан аса кітап қоры бар. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам оқырман осында бас сұққан. Мұндағы 6 қызметкер әрбір оқырманға ерекше құрметпен қарайды. Дегенмен кітапхананың мәселесі де жоқ емес. Орталықта орналасқанымен ескі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Бұл кітапхананың оқырманға жайлы болу үшін де, жаңа ғимарат керегі білініп-ақ тұр.
Мамандығым – мақтанышым
Түсінген адамға алтынға да айырбастауға келмейтін қасиетті кітапты көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың еңбегі орасан зор. Бүгінде адалдықтың ақ жүгін арқалаған кітапханашылардың айтулы мерекесі заң жүзінде бекітілді. Енді олар жыл сайын қазан айының 24-ші жұлдызы күні «Кітапханашылар күнін» тойлайды. Қашанда кітапханашы мамандығы жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада кітапты қолға береді деген пікірді жойып, бұл мамандықтың да өз орнын қалыптастыратын уақыт келген сияқты. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, кітаптың құдіретін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқарады. алады. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет» демекші, ұзақ жылдар кітапханашы болып келе жатқан Қарлығаш Сражадинова кітапхананың жұмысымен толық таныстырып, өз міндетін жілікше шағып айтып берді. Ол әсіресе жас ұрпақтың кітаппен тонның ішкі бауындай жақын болуына үлес қосып келеді. Отыз жылдам астам өмірін кітапханаға арнап, әлі де осы саланың қазанында қайнап жүр. Оның айтуынша, оқырманның жанын ұғып, қажетті дүниесін дөп басу да оңай жұмыс емес.
«Қай мамандықтың болмасын, өз ерекшелігі бар. Маған өзімнің мамандығым ұнайды. Бұл менің өмірімді арнаған сүйікті кәсібім. Оқырманмен жұмыс, олардың қойған сұрақтары, білуге, үйренуге деген талпыныстары мені шабыттандырады. Қазіргі таңда салалық басылымдарға қарағанда әдеби басылымдарға сұраныс өте жоғары. Бүгінде кітапхана қоры жаңа кітаптармен жақсы толығып отыр. Сондай-ақ өсіп келе жатқан жас буынның кітапқа деген ынтасы өте жоғары. Оған үйдегі ата-ананың да бағыт сілтеуінің арқасы деп білеміз. Баламен балаша жұмыс істеу де оңай емес дегенмен өз жұмысынан ләззат ала білген адам үшін аса қиын емес деп ойлаймыз», – деді ол.
Бұрын кітапханада жұмыс істеу денсаулыққа зиян екенін жиі айтатын. Алайда қазір бұл жансақ пікірге айналды. Расында, бұрын кітапханашылардың жалақысына қосымша ақша қосылып, үнемі ағарған берілген. Бірақ бүгінде мұндай жағдай жоқ. Себебі қазір әрбір кітапханада тазалық – басты орында.
Кітапханашылардың бір ғана арманы бар. Олар фаст-фуд тағамдарына кезекке тұрғандай, кітапханаға да кезекке тұрғанын көрсек қой дейді. Құтханадан шығып бара жатып, «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» деген тәмсіл ойға келіп, кітап арқалап қайттық.
