Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінде елгезек, елжанды, өз ісіне жауапты жастар мен мамандар жеткілікті. Солардың бірі азаматтық қорғау капитаны Тұрсынбаев Олжас Тұрсынбайұлы. Ол Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасында 2019 жылдан бастап қызмет атқаруда.

 Басқарманың бас маманы ретінде қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысушы. Сондай қоғамшылдығы үшін бірнеше рет облыстық, республикалық деңгейдегі алғыс хатпен, медальмен марапатталған.

«Мен үшін ең биік марапат өткен жылы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен берілген «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі. Ал, анашымның шексіз қуанышын «Офицердің анасы» кеуде белгісін алғанда көрдім. Осы марапаттар маған халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ел игілігі үшін аянбай тер төгуіме үлкен жауапкершілік пен зор сенім жүктеді. Бұдан бөлек өзімнің сүйікті ісім еріктілермен бірге қайырымдылықпен айналысу», - деді Олжас Тұрсынбаев. 

Құтқарушы «Қызылорда еріктілері» және «Ізденіс жолы» қоғамдық қоры жанынан құрылған «Глобус» еріктілер тобымен, Қызылорда «Фронт-Офиспен» бірге көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Пандемия кезінде және одан кейінгі уақытта да ерікті қызмет атқарып келеді. 

«Еріктілердің қатарына қосылуымның себебі - көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен болар. Көпшілмін, еңбек еткенді жақсы көремін. Ата-анамыз жастайымыздан еңбекке және мейірімділікке баулып өсіргендіктен адам жанының нұры болып табылатын қайырымдылықтан ләззат аламын. Жалпы хобби кез-келген адамның психикалық денсаулығын күтуі үшін де қажет.  Өйткені бұл сізді күнделікті қарбалас, қым-қуыт, бірқалыпты қарадүрсін қайталанып отыратын тіршілік-өмірден ажыратып, жан қалауы ұнататын нәрсені жасауға мүмкіндік береді. Оған қоса әлдекімге көмек бергенде немесе құтқару іс-шараларына атсалысқанда сол адамның жүзіндегі қуанышын көру жанымды жадыратады, мен үшін үлкен мәртебе», - дейді ол.

317068376_2182408121968027_6276011311007312943_n.jpg

Тағы да оқыңыз: