Kyzylorda-news.kz.  Әр кәсіпкердің кәсіп ашудағы өзіндік ерекшеліктері бар. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің кәсіп ашудағы әдісі мүлде бөлек. Себебі оған кәсіп ашу үшін ата-енесі қолдау білдірген. Сіз «ата-енемнің арқасында кәсібім өрледі» деген кәсіпкерді көрдіңіз бе? Ал біз Динараны кезіктірдік. «Тәтті әлем» цехы «tаtti_alem-kzo» инстагам парақшасы арқылы танымал.

– Ең алғаш торт пісіруге әуестігімді енем байқады. Яки кәсіп бастауыма ата-енемнің ықпалы зор. Енем кәсіп ашуға қажетті жабдықтарды алатын қаржыны қолыма ұстатты. Ал атам болса: «Қызым, міне құжаттарың. Енді тортыңды емін-еркін пісіре бер» деп құжаттарымды қолыма берді. Осылайша отбасылық шағын бизнесімізді бастадық. Осындайда арқасүйер ата-енем барда мен қалайша құлшынып қызмет етпей, қол қусырып отырамын? Бәрінен бұрын селкеусіз сенімді айтсаңызшы, – дейді Динара.

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы кәсібін жүргізетіндер көп. Кейіпкеріміз де солардың қатарында. Ал оның ерекешілігі парақшаны сауатты әрі қызықты етіп жүргізуінде. Динара тек жарнама жасап қоймайды, тұтынушыларын қызықты әңгімемен таңғалдыруда. 

«Мен Динараға үйде отырып торт пісірген сәтінен бастап тапсырыс бердім. Әлі де тапсырыс беріп келемін. Торттың дәмі бөлек әңгіме, ал дизайны қатты ұнайды. Динара адамдарды таң қалдырудан жалықпайды. Әлеуметтік желідегі парақшасын әдейілеп қараймын, жақсы жүргізеді. Әңгімесін  оқыған сайын бір күліп қоямыз», – дейді Әйгерім есімді тұтынушысы. 

Динара алғаш үш торт пісіреді. Таңғы 8-де соны сатуға алып шығады. Азық-түлік дүкендерін аралайды. Бір тортты көршісі «сенің көңілін үшін алайын» деп алып қалады. Кейін тұрақты түрде тапсырыс беріп тұрады. Ал бір торт үйге қайтып келеді. Осылайша үйден тапсырыс ала бастайды.

Үш торттан бастау алған цехтың бүгінде ауқымы кең. Күніне 10-15 торт пісіреді. Оның ішінде вупи-пай, медовик, қызыл бархат, сүтті қыз, глазурь, үйлену тойларына арналған және миндаль-вишня секілді торттар бар. Сондай-ақ кекстердің түр-түрін жасайды. Қазіргі таңда ұл мен қыздың туған күніне арналған торттар сәнде. Көлік пен қуыршаққа арналған торттарға тапсырыс көп. Кейіпкеріміз мұндай торттағы қыздың қазақша үлгісін де дайындаған. 

– Негізі менің торттарымның бағасы қымбат емес. Қызылорда қаласындағы мастикамен, креммен жасайтын торттардың ең арзаны деуге болады және дизайн торттарды үйден сататындар жасай бермейді. Мастикамен болсын, креммен жасалатын тортттар болсын безендіруі де уақыт алады. Мысалы, шахматтың хрусталь фигураларын жасау үшін 9 сағат уақытым кетті. Әрбір торт бір-біріне ұқсамаса екен, тапсырыс жасаған адамға ұнаса екен деген толқуда боламын, – дейді ол.

Көп  адамды жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз шеберлік сағатын да өткізеді. Оның шәкірттері көп. «Шеберлік сағатын жасауды әдетке айналдырдым. Торттың жасалу тәсілін сұрайтындар көбейді. Сөйтіп шеберлік сағатын өткізуді ойладым. Бүгінде менен үйреніп, кәсіп ашқандар бар. Одан бөлек үйде жасап жүргендері қаншама» дейді кәсіпкер. 

Кәсіп бастау үшін көп ойланамыз. Себебі кәсіпті игеріп әкету қиын. Сондай-ақ «ондай кәсіп түрі көп қой» деп тартыншақтап жүреміз. Менде де солай болған. Қызылордада екінің бірі торт пісіреді, қалай сатамын деп ойладым. Отбасым қолдап тұрған соң тәуекел деп бастап кеттім», – дейді бізбен әңгімесінде. 

Кәсіпкерден «мемлекеттен қандай көмек алдыңыз?» деп сұрайтынымыз ақиқат. Бұл сауалды Динараға да қойдық. 

«Осы уақытқа дейін мемлекеттен ешқандай көмек алғаным жоқ. Бағдарламаларға да қатыспадым. Егер мемлекет қолдау білдірер болса, кондитерлік мектеп ашқым келеді. Осылайша торт пісірудің қыр-сырын үйретер едім. Торт пісіргісі келетін жастар қатары көп. Цех үлкейіп жатқан соң кадр жетіспейді. Үйде отырғандар «қолымнан келер»  деп жұмыс іздеп келеді. «Менің қолым емес» деп кетіп қалады. Анда-санда бір торт істегенге риза болады. Ал мұнда күніне 10-15 торт пісіреміз», – дейді.

Динараның өнімдерін тек қызылордалықтар алмайды. Алматы, Астана қалаларынан да тапсырыс түседі екен. Динараға қарап тіпті бәсекеліс көп болса да, кәсіп бастау қорқынышты мес екенін түсіндім.

Тағы да оқыңыз: