Kyzylorda-news.kz Qr кодпен немесе қашықтан төлем жасауға әбден үйренгеніміз рас. Қазақстанда енді карта, кілт тіпті төлем жасау процесі де алақан арқылы жүзеге асуда. Иә, бұл цифрландырудың жаңа деңгейі десек жаңылмаймыз. Инноваторлардың жаңа жобасымен таныссақ.
Сканерлеу. Тану. Шифрлау
Alaqan − алақан тамырларының үлгісіне негізделген биометриялық жүйе. 2020 жылы құрылған жобаны бүгінде 100 мыңнан астам адам қолданады. Жүйенің басты артықшылығы − қауіпсіздік. Отандық мамандар әзірлеген құрылғыда банк карталары мен қолма-қол ақшалар алақанмен алмастырылады.
Төлем жасау үшін арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, жеке кабинет арқылы банк картаңызды тіркейсіз. Құрылғы сырт келбетіңізге сәйкес сыңарыңызды да, суретке түсірілген алақан бейнесін де қабылдамайтын көрінеді. Төлем кезінде сканерге алақанды жақындату ғана жеткілікті. Алдымен алақан тамырларын сканерлеу процесі жүреді. Цифрлық кодта шифрланған тамырлар үлгісі арқылы құрылғыдан сізге тіркелген код ізделеді. Базадағы кодпен сәйкес келген сәтте төлем жүзеге асады.
Дәл осы жүйемен «Балаларға қамқорлық» қызметі де жұмыс істеуде. Мектеп қызметкерлері мен қонақтарын тіркеу, оқушылардың кешікпеуін қадағалау үшін мектептерге де орнатылған. Турникеттен өту үшін картаның да қажеті жоқ. Ал барлық мәлімет арнайы мобильді қосымшаға орналастырылған. Сондай-ақ ата-анаға баланың мектепке кіру, шығу уақыты, асхана мәзірі мен баланың асханада жасаған саудасы да көрсетеледі. Мәселен, елордадағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектептің оқушылары жуырда «Alaqan» жобасына ауысты.
− «Alaqan mektep» жобасын ата-аналардың көмекшісі деп санаймыз. Оқушы мектепке «алақанмен» кіреді, асханада төлемдерін де «алақанмен» жасай алады. Кітапханада да «алақан» оқырман билеті ретінде саналады. Мектеп қауіпсіздігі үшін де жақсы. Бөгде адам кіре алмайды, − деген еді жоба жетекшісі Берік Нұрымбетов 24.kz телеарнасына берген сұхбатында.
Сыр өңірінің тумасы, «Alaqan.kz» жобасының авторы Берік Нұрымбетов 2019 жылы бет-әлпетін тану туралы және жоба құру мақсатында биометрия бойынша медициналық диссертацияны зерттеген. Дегенмен, алақан қантамырларын тану биометриясы сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде «Alaqan» өнімдерін жасауда. 2021 жылы алғашқы сатылым жүзеге асқан. Ал төлем процесі 2023 жылы басталған. Өнертапқыштар 3 жыл аралығында елдегі нарық толығымен «Аlaqan» жүйесіне көшеді деген сенімде. Жобаға Сауд Арабиясы, Грузия, Африка елдері қызығушылық танытып отыр.
Ә.ТӘЖІБАЙ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz