Kyzylorda-news.kz Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының Италиядағы жұмыс сапары жалғасуда.
Делегация Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқ киім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды.
Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқ киім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.
Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.
«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін.
Қызылорда облысы экономикасының ауқымды бөлігін тау-кен саласы құрайды. Негізінен мұнай өндіріледі, сонымен бірге, агроиндустриалды аймақ. Өңірде атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша республикада бірінші орындамыз.
Елімізде және өңірімізде мал басы жыл сайын артып келеді. Кейінгі жылдары біздің облыстың өзінде екі миллионнан астам мал тіркелген. Осы ретте тері және жүн өңдейтін кәсіпорындарды дамыту керек. Жалпы алғанда, аймақ нарығын қамтуға және алыс-жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік бар.
Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, тері, жүн өңдеу саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.
Серіктес қажет болған жағдайда, өз салаларында жетістікке жеткен кәсіпкерлер сіздермен келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді», – деді Н. Нәлібаев.
Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған. Жобаларды іске асыруға шикізат қоры жеткілікті. Облыс бойынша өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген.
Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.
Өз кезегінде Эцио Кастеллани екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.
Аймақ басшысы әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімі берілетінін, Қазақстандағы түрлі даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжаттар сүйемелденетінін жеткізді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі