Kyzylorda-news.kz. Жаңа жыл әрбір бүлдіршіннің асыға күтетін мерекесі. Осы мерекеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызылордалық балаларға мерекелік сыйлық жіберді. Мереке қарсаңында Президентке хат жазған балаларға Ел басшысының арнайы құттықтауы мен сыйлығын шаһар басшысы Асылбек Шәменов пен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов табыстады. Ал ерекше білім беруді қажет ететін 14 жасар Салабат Нұрдәулетке  ұялы телефон берілді.

-  Жаңа жыл қарсаңында Ел Президентінің арнайы сыйлығы мен мерекелік құттықтауын табыстауға арнайы келдік. Бұл мейрам балалар үшін өте ерекше екені белгілі. Барлық арманын қағазға түртіп, жаңа жылдық сыйлықтар күтеді. Ал осындай мезетте Мемлекет басшысының өзі бүлдіршіндерді қуантып, арнайы сыйлығын жіберіп жатыр. Мерекелік тартуды қабыл алыңыздар. Жаңа 2024 жыл баршаларыңызға құтты болсын!, - деді қала әкімі Асылбек Шәменов.

«Атамекен» балалар үйіндегі бүлдіршіндер де мерекелік сыйлықтан құр қалмады. Ондағы барша бүлдіршіндерге  тәттілер беріліп, Президентке хат жазған Роман Дмитриевке арнайы сыйлық табысталды.

-  Мен 6 жасымнан бастап, «Атамекен» балалар ауылында тұрамын. Мектепте жақсы оқып, белсенді болуға тырысамын. Кішкентай кезімнен өнерге, оның ішінде би билеуге қызығып өстім. Осы қызығушылығымның арқасында Мәскеу қаласында өткен «Ты супер танцы» тележобасына қатыстым. Жаңа жыл қарсаңында Президентімізге хат жазып, өз арманымды жеткіздім. Бүгін мінекей, Мемлекет басшысының сыйлығын алып қуанып жатырмын. Ендігі арманым Ел Президентімен кездесіп, қолын алғым келеді, - депті Роман Сергейұлы Президентке жазған хатынан.

Мемлекет басшысы өзі келіп, жүздесе алмаса да, сәлемдемесін қала әкімі арқылы жеткізді. Роман Сергейұлына Президент атынан құттықтау тілек пен түрлі сыйлықтар және планшет табысталды. Сонымен-қатар, «Атамекен» балалар үйінің бүлдіршіндері домбыраны шертіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұған қоса, Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Президент сыйлығын өз ауданындағы Ернар Ыбырайға да табыстады. Бұл Жаңа жыл қарсаңында балаларға базарлық, мерекелік көңіл-күй сыйлаудағы ізгі іс деп білеміз.

акимат 2.jpg

Тағы да оқыңыз: