Kyzylorda-news.kz. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Сыр еліне жұмыс сапары аясында облыс тұрғындарымен кездесті. «Достық үйінде» өтіп жатқан жиынға аймақтың зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
«Іссапарды Қызылорда облысынан бастауымның себептері көп. Сыр өнірі Қазақ елінің бірнеше мәрте астанасы болған ата қоныс. Сондай-ақ, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке десек артық айтпаймыз. Өңірде өмір сүрген Қорқыт атадан бастап, жырау, жыршы, ақын, сал-серілер шығармалары қазақ әдебіиетінде, одан қалды әлем әдебиетінде өзіндік айрықша орын алады. Сондықтан арнайы Сыр еліне амандасып, пікірлесіп, бір жағынан Үкіміт мүшесі ретінде салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау үшін келіп отырмын», – деді Дархан Қыдырәлі.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысының ашық азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясаты секілді негізгі салаларда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Үкімет мүшесі ретіндегі алғашқы сапарын Алаштың анасы атанған Сыр елінен бастап отырғанын, негізгі мақсат аймақ халқының ұсыныс-тілегін тыңдау екенін айтты.
Айта кетейік, кездесуден соң министр «Достық үйінде» азаматтармен жеке қабылдау өткізеді.


