Kyzylorda-news.kz. Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің мұртын балта шаппайтынын аталған елдер әлдеқашан түсінген. Бұл бір жағынан кәсіпкерге де қарапайым халыққа да тиімді болары сөзсіз. Бүгінде шағын кәсіпкерлікті дамыту елімізде де маңызды рөлге ие болуда. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту бағытында түрлі қолдау шаралары, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ осы кәсіппен айналысатын, айналысамын деген ел азаматтарына да барынша мүмкіндік берілген. Тек ебін тауып, істі келістіре білсең болғаны.

Бүгінде шағын кәсіпкерлік саласы Қызылорда өңірінде де өркен жайып келеді. Жыл санап мемлекеттің қолдауын сезінгендер де көбеюде. Тұрғындар кәсіп ашудың қыр-сырын үйреніп, түрлі жобаны жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді. Мұның барлығы қаладағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал етіп, ел экономикасына өзіндік үлесін қосуда. 

Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қала бойынша қала бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта субъектілерінің саны өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 137,5 процентті құрапты. Қарапайым есепке салғанда, биыл ашылған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 37318 нысан екен. Ал оның 34 283-і тұрақты жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетіп отыр. 

Осы орайда, қала бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға кеңінен тоқталсақ. Мәселен, «Өнеркәсіптік - инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру» картасы аясында Қызылорда қаласы бойынша «Бірыңғай индустрияландыру картасына» енгізілген жалпы құны 49,4 миллиард. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба өз кезегінде 525 жұмыс орнын қалыптастырады. Қазіргі таңда, оның екі жобасы іске қосылып, жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Orda Glass LTD» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты» жобасы. Бұл кәсіптік нысан 2021 жылдың желтоқсан айында шыны шығару және өңдеу зауыты ретінде іске қосылған болатын. 

Бұдан бөлек,  «ТриМо» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500  тонна екі окись молибден ұнтағын үш окись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру» жобасы бар. Сонымен бірге, «Poom Trade KZ» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу», «Orda TEXC» ЖШС-нің «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы», «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-нің «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты», «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна шығару зауыты», ЖК «Ақселеу» (ЖК «Ұзақов») «Күйдірілген қыш кірпіш шығару» жобалары бар. 

Қала бойынша жыл басынан бері жалпы сомасы 2076,4 миллион теңгені құрайтын 204 жобаны қаржыландыру көзделуде.  Оның ішінде, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында субсидиялау бағыты бойынша құны 1миллион  529 мың теңгені құрайтын 44 жоба, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған гранттар беру бағыты бойынша 131,1 миллион теңгені құрайтын 95 жоба қолдау тапқан. Сондай-ақ, «Іскер» бағдарламасы бойынша жоба құны 289,3 миллион теңгені құрайтын 49 жоба қаржыландырылған. 

Бұдан басқа, жалпы құны 103,6 миллион теңгені құрайтын 11 жоба «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы өз қаражаты есебінен қаржыландырылған және «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы «Жастарға арналған несие» бойынша жалпы құны 23,4 миллион теңгені құрайтын 5 жоба қолдау алған. Соңғы жоба жастарға жеңілдікпен берілетін 2,5 проценттік несие беру жобасы. 

Жоғарыда көрсетілген қайсыбір жоба болмасын қаржы көлемі қомақты. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жүзег асуы тиіс бұл жобалар уақытында өз өнімімен ішкі нарықты қамтып, экономикалық тиімділігін көрсетуі тиіс. 

Тағы да оқыңыз: