Kyzylorda-news.kz. Тасбөгет кенті қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, жиынға кент әкімі Семсер Сыздықов пен өзге де сала басшылары қатысты.

Алдымен, Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Зұлпыхарұлы еңбек ардагері Алмасбек Сардарбекұлының 70 жылдық мерейтойына арналған қала әкімінің құттықтау хатын табыстады.

Отырыстың күн тәртібінде өзекті деген бес мәселе қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша кент әкімі биыл қолданысқа берілген №285 қалалық дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернат директоры Абдуллаева Балзия мен «Бөбек» санаториялық бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жолаева Лауланы кеңес мүшелеріне таныстыра отырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, «Тасбөгет кентінде көше комитеті ұйымының соңғы 6 айда атқарған жұмыстары туралы» қоғамдық кеңес мүшелері М.Жәлімбетов пен К.Бекенов, «Тасбөгет кентінің 2023 жылдың 1 қаңтарына қалыптасқан бос қалдықты бағыттау тізіміне арналған бюджет жобасын келісу туралы» кент әкімінің орынбасары Ж.Байхадамов, «Кенттегі жасөспірімдердің беймезгіл уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрмеуін ұйымдастыру туралы» мектеп директорлары, «Кент аумағындағы қараусыз жүрген малдарға арнап пада ұйымдастыру туралы» кент әкімі аппаратының бас маманы Ж.Рахманқұлова хабарлама жасады.

Талқыланған мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес тиісті ұсыныстар жасап, хаттамалық шешім қабылданды. Жиынды кеңес төрағасының орынбасары О.Тобағабылов қорытындылап, тапсырмалар аясында жүргізілетін жұмыстардың орындалуы жіті бақылауда болатынын білдірді.

Тағы да оқыңыз: