Kyzylorda-news.kz  Астана қаласында ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникация бойынша көмекішісі Руслан Желдібай «Ассамблея жастары» ұйымы төралқасының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, еліміздің барлық өңірлерінен келген «Ассамблея жастары» басшылығы мен белсенділері қатысты. 

Кездесуде қатысушалр ҚХА-ның XXXIII сессиясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша идеялар мен тәсілдерді талқылап, ортаға салды. Сондай-ақ, Президенттің көмекшісі Ассамблея жастарын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы белгілеген құндылықтарды ілгерілету үшін креативті тәсілдер мен құралдарды белсенді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ,  “Ассамблея жастары” қандай тың бастамаларды қолға алып жатыр? Мемлекеттік тілді меңгеру мен бірлікті нығайтуда қандай бастамалары бар? Секілді сауалдарға “Хабар” арнасы, “Талқы” бағдарламасының тікелей эфирде “Ассамблея жастары” РҚБ төралқа мүшелері мен өңірдегі төрағалары жауап берді. Сыр өңіріндегі жастардың ауқымды жобалары туралы “Ассамблея жастары” ұйымының төрағасы, тілжанашыры Елена Пак тарқатып айтты.

Қазақстан – көп ұлтты бауырына басқан мемлекет. Елімізде шоғырланған өзге ұлт өкілдері құшағы кең қазақ елін тек қоныс көрмей, отанындай сыйлайды. Дәлел – мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін әрі салт-дәстүрді жетік меңгергендер көбейген. Осы орайда қызылордалық Елена Пакпен сұхбаттасқан едік.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келген Елена Пак №49 орта мектепті үздік аяқтаған соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология мамандығын тәмамдаған. Бүгінде «Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-де жұмыс істейді.

– Қазақ тілін меңгеруде қиындық болмады. Еркін сөйлеуіме ауылдағы қазақ балалары мен мұғалімдердің қосқан үлесі зор. Ата-анам кәріс ұлтының өкілдері. Ол кісілер қазақ тілін жақсы түсінеді, алайда таза қазақша сөйлей алмайды. Әрине, қай қоғамда өмір сүрсек те адамзаттың басты қатынас құралы саналатын тілдің маңызға ие екені белгілі. Бірнеше тілді еркін меңгерген адамның білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Тіл білгендіктен кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, ойымды жеткізе аламын, – дейді кейіпкер.

Еленаның айтуынша, мектеп қабырғасында дәстүрлі түрде өтетін ақындар оқуларына жиі қатысқан. Поэзияға жақын болған соң қазақ тілінде өлең жаттау жеңіл және өлеңдер есінде мықтап сақталған.

– Ұстазым Бибігүл Сұлтанованың арқасында республикалық деңгейге дейін жетіп, жұлдызым жанған сәттер болды. Хакім Абайдың 120 өлеңін жаттағанмын. Сол кездегі басты мақсатым жаттаған өлеңдердің максималды санына жету болды. Есейе келе туындының мағынасына мән беріп оқитын болдым. М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Сарин, А.Елгезек ағаларымыздың да шығармашылығын жақсы көремін.

Қазір қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңғалатын адам жоқ секілді. Себебі мемлекеттік тілді трендке айналдырып жүрген өзге ұлт өкілдері, блогерлер мен тіл жанашырлары көп, – деген еді Е. Владимировна.

 

А.Текебай
Фото: Ассамблея жастары

Тағы да оқыңыз: