Kyzylorda-news.kz Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Ташкент қаласына 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты бар. Осы маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әр түрлі сыйымдылықтағы 1405 дана автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.
Жалпы, облыстағы көлік инфрақұрылымы жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов айтты.
2023 жылдың 10 айдың қорытындысымен 19,5 миллион жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,7% артып отыр. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 1 автовокзал және 8 автостанса халыққа қызмет көрсетуде. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынуда. Жаңа автовокзал – осы жылдың желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Жаңадан 15 жұмыс орны ашылады. Облыс орталығының қоғамдық көлігін 80 пайызға жаңарттық. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының темір жол вокзалы күрделі жөнделуде, - деді Жәнібек Шәкімбайұлы.