Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау бағытында қажетті жұмыстар жүргізілуде. Аймақта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары бойынша қыс мезгілінде күтіп ұстауға 92,7 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерқыран Жалғасбаев мәлімдеді.  

«Қазіргі таңда жауапты мердігер мекемелермен 96 техника дайындыққа келтірілді. Қар тазалағыш 26 автогрейдер, трактор, бульдозер, 55 инженерлік техника кран, погрузчик, самосвал, экскаватор, 15 эвакуациялық  техника бар. Тайғаққа қарсы себілетін материалдар бойынша тиісті мердігер мекеме «Арал Соль» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Инертті материалдардың жоспары 3 мың 100 тонна, яғни, 692 тонна тұз, 2408 тонна құм қажет болса, қазіргі таңда 1750 тоннасы дайын тұр», - дейді Ерқыран Жалғасбаев.

Оның айтуынша, қыс мезгілінде жергілікті жолдарға 422 дана жол белгілері әзірленіп орнатылған.

«Жергілікті маңызы бар жолдардың бойында қар басу қаупі бар 4 учаске анықталды. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жергілікті жолдарға 422 дана жол белгілері әзірленіп орнатылды», - деді Ерқыран Ертілеуұлы.

Брифингте «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 64 жол-құрылыс техникалары мен автокөлік құралдары толығымен дайын тұрғанын айтты.

«2022-2023 жылдары қысқы кезеңде көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жол-құрылыс техникалары мен автокөлік құралдары, өндірістік базалар мен жылыту пункттері де жөнделіп, дайын тұр. Қыс мезгіліне 9 дана өндірістік база, 9 дана – химреагенттерді сақтау қоймасы, 9 дана жылыну пункті жұмысын бастады. Сондай-ақ жолдардың бойына 354 дана уақытша ескерту жол белгілері қойылған. Қыс мезгілінде филиалда тәулік бойы кезекшілік орнатылып, арнайы операторлар жұмыс істеуде», - деді «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай.

Айта кету керек, облыс көлемінен өтетін республикалық маңыздағы автожолдардың ұзындығы 1 014,5 шақырымды құрайды.

316545654_1673235273071978_5952875151504875195_n.jpg

Тағы да оқыңыз: