Kyzylorda-news.kz. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізі сапарлатқан жұртшылықтың жолын жалғаған күре жол. Бұл жолда талай көлік алыс-жақын аумаққа ат басын бұрып тіршілік қамымен жолға шығады. Ұзақ жолда бір сәт аялдап, ауқаттанып, көлігіңнің жай-күйін тексеріп қайта қамдануға мүмкіндік беретін дәмхана, көлік жөндеу орындары аса қажет.
Аталған автокөлік дәлізінің бойында Қызылорда өңірі де орналасқан. Жуырда осы мақсатта қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі, Махамбетов ауылы, Қаратабан қонысы, яғни «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында 1803 шақырымда орналасқан «Ақ сандық» тамақтану орны өз жұмысын бастады.
Дәмхана жобасы «Элит Газ Строй» ЖК директоры Серік Махамбетовтың бастамасымен салынған. Дәмхананың жалпы құны 50 миллион. теңгені құрайды. Қазіргі таңда өз жұмысын бастаған нысанда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, дәмхана жанынан шағын сауда маркетін ашуды жоспарлап отыр.
Ал, жалпы аумағы 315 шаршы метрді құрайтын дәмхана ішінде жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Мұнда қонақжай, намазхана және жуынатын орын жасақталған.