Kyzylorda-news.kz Қызылордада жазасын өтеп жатқан әйелдерге психологиялық қолдау көрсету мақсатында арт-терапия тренингі ұйымдастырылды.
Арт-терапия – адамның ішкі жан дүниесін шығармашылық арқылы ашуға мүмкіндік беретін психологиялық әдістердің бірі. Әсіресе сурет салу техникасы адамның эмоцияларын сыртқа шығарып, ішкі сезімдерін еркін жеткізуіне ықпал етеді.
Осы бағыттағы тренингке Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер қатысты. Іс-шара барысында орталық мамандары қатысушыларға түрлі шығармашылық тапсырмалар ұсынып, сурет салу арқылы өз көңіл-күйі мен ішкі сезімдерін бейнелеуге мүмкіндік берді. Қатысушылар түрлі түстер мен бейнелеу элементтерін пайдалана отырып, өмірге деген көзқарасын, көңіл күйін және жан дүниесіндегі сезімдерін қағаз бетіне түсірді.
Мамандардың айтуынша, арт-терапия әдісі әйелдердің өз эмоцияларын жақсырақ тануына, ішкі күйзелісті жеңілдетуіне және еркін қарым-қатынас орнатуына оң әсер етеді. Сонымен қатар тренинг барысында жазасын өтеуші әйелдер арасында ашық диалог ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойлары мен сезімдерімен еркін бөлісті.
– Сурет салу арқылы ішкі жан дүниемдегі сезімдерімді жеткіздім. Арт-терапия ойымды тыныштандырып, жақсы нәрселерге көңіл бөлуге көмектесті, – деді сотталған әйелдердің бірі.
