Kyzylorda-news.kz. Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы Қызылорда облысы Полиция департаментінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» атты акциялар өткізілді.
Ағымдағы жылдың 7 айында облыс көлемінде ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлерімен 5330 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 218 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызды, 40 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 3934 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, кафе–барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін ырықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түн мезгілдерінде орын алатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік шаралар жүргізілуде.
Әрбір рейд бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, топтасып жасалған құқық бұзушылықтың зардаптары, оның жауапкершілігі туралы айтылды.
Нәтижесінде, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандардың темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 5 тұлғаға, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 8 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, балаларының тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін орындамаған 4 ата-ананы сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырылса, 4 ата-ананың ата-аналық құқығы шектелді. 3 кәмелетке толмағандар Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына және 2 жасөспірім «Абай облысының ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатына» орналастырылды.