Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, топтық төбелес, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық түсіндірме жұмыстары» тақырыбында сала мамандарымен кездесу болып өтті.
Кездесу тәрбиеленушілерге құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық туралы мәліметтер беру, кибербуллинг, буллинг ұғымы, оның шығу тарихы, адамға әсер ету жолдары, кибершабуылдан қорғану механизмдері жайында ақпараттар беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Н.Баймурзаев пен инспектор психологы, әділет майоры Г.Жылқаманова, ҚПБ ЖПБ ЮПИ аймақтық инспектор А. Төребек, Қызылорда облыстық Жастар Ресурстық орталығының психолог маманы Г.Нетбаева арнайы қатысты. Сала мамандары балаларға қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтардан сақтану, алдын алу, қылмыстық фактілерін мысалға келтіре отырып, тәрбиеленушілерге тәртіпті болу, жақсы білім алу қажеттігін түсіндірді.
Кездесу соңында тәрбиеленушілермен пікір алмасып, интернаттың тыныс-тіршілігімен танысты. Тәрбиеленушілер керемет көңіл-күй сыйлаған қонақтарға ыстық ықыластарын білдірді.
