Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» V облыстық форумы өтті. Биылғы «STEM. AI. Innovation» тақырыбына арналған шара өңір педагогтерінің кәсіби әлеуетін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын меңгеруге және инновациялық идеяларды тәжірибеге енгізуге бағытталды.
Форум «Білім. Ғылым. Болашақ» инновациялық көрмесінен басталды. Қатысушылар мектептердің озық тәжірибелерімен танысып, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алды. «Менің жолым – менің таңдауым» мотивациялық сессиясында әртүрлі салада жетістікке жеткен мамандар мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның тәжірибелік бөлімінде педагогтер жасанды интеллект құралдарын, соның ішінде Gemini AI платформасын сабақта қолдану, 3D-технологиялар, STEM-білім беру, цифрлық ресурстар әзірлеу, инклюзивті білім беру және пәндерді кіріктіре оқыту бойынша шеберлік сыныптарына қатысты. Сонымен қатар INNOVATION PITCH ARENA алаңында педагогтердің инновациялық жобалары таныстырылып, хакатон барысында жаңа идеялар талқыланды.
Бағдарлама аясында Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжановпен Open Talk – «Галстуксыз кездесу» форматында ашық диалог ұйымдастырылды. Жас мамандар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, сұрақтарын қойды.

Форум аясындағы зияткерлік сайыстар, шығармашылық шеберханалар, нейрографика және ұлттық спорт алаңдары қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
«STEM. AI. Innovation» тақырыбындағы форум жас педагогтердің кәсіби дамуына, цифрлық құзыреттерін жетілдіруіне және білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруына бағытталған тәжірибе алмасу алаңына айналды.


