Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы Ақжарма ауылының Тілеубергеновтер жас отбасы «Жас отау» байқауының жүлдегерлері атанды. 

Аталған сайыс Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Байқауға Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан жас отбасылар қатысып, өзара бақ сынасты.

Байқауда Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жастар ұйымдары мен жас отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шараларға тоқталып өтті. 

«Халқымыз ежелден «Отан отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән берген. Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту ел болшағының жарқын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мемлекеттік бағдарламалар тетігі арқылы қастерлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Өздеріңізге белгілі, бұл конкурстың іріктеу кезеңіне 80-нен аса жас отбасы қатысты. Осының өзі жұмыстың нәтиже беріп жатқанын аңғартады», - деді Артур Қамбаров.

Отбасылық құндылықты арттыруға бағытталған байқау үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар әннен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар салт-дәстүрді дәріптейтін сауалдарға жауап тапты. Жас отау иелері іргесі берік отбасының құндылықтарын көрерменге паш етті. Сондай-ақ балаларда сайыстың тапсырмаларынан шет қалған жоқ. Олар жеті атасын жатқа айтып жарысты.

Сайыста Сырдария ауданының намысын қорғаған Тілеубергеновтер отбасы жүлделі III орынды иеленді. Мінбердің бұл қатарынан қазалылық Қалиевтер отбасы да көрінді. 

Сайыстан соң ақжармалық Тілеубергеновтер отбасының отағасы бұл ұйымдастырылған сайыстың жанұядағы сүйіспеншілік пен бала тәрбиесін нығайтуға септігін тигізетінін айтты. 

«Ауылдағы шаруашылықта күрішшімін. Он жылдан бері егін даласында жұмыс істеп келемін. Жас отбасы ретінде байқауға қатысуға келіншегім Әсемкүл өтініш білдірді. Екі кішкентаймыз бар. Ата-анамның батасымен көгеріп-көктеп отырмыз. Қарашаңырақтағы кенже ұл болғандықтан әркез үлкендердің біздерді қолдап отыратынын сезінеміз. Жақсы отбасы болуға тырысамыз. Қазірі жас отбасыларды қолдауға, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған байқауларға қатысып келеміз. Бұл өз кезегінде үлгілі отбасы болуға, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті қалыптастыруға, бала тәрбиесін нығайтуға септігін тигізеді», - дейді Бақытжан Тілеубергенов.

Айта кетейік, аталған байқау отбасылық құндылықты насихаттау мақсатында жыл сайын облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен өткізіліп келеді.

315696720_1391551531619502_2449837593815014389_n.jpg

Тағы да оқыңыз: