Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жас ғалым – 2022» облыстық ғылыми жобалар мен инновациялық идеялар байқауы өтті. 

Байқау Жастар орталығының акт залында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен мектептердің 10-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Байқауға барлығы 20-дан аса жас қатысты. 

Бұл шараның басты мақсаты – өңіріміздің  экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жас ұрпақтың инновациялық әдістері мен шығармашылық әлеуетін қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар сырбойылық жастардың біліктілігін арттыру арқылы ғылыми-танымдық бағытқа баулу. 

Жас ғалымдардың басын біріктірген байқаудың ашылуына Қызылорда облыстық «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің директоры Талғат Тілес, химия ғылымдарының кандиданты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің физика және химиялық талдау әдістері инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі Нұрлыбек Ахатаев, ақын Мамыр Байдәулетов қатысты. Олар шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, инновациялық жобалардың ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосатынын және ғылым жолында әрдайым ізденіс керектігін атап өтті. 

Білімділер сайысына жоғары және орта оқу орындарындағы жастар  қатысты. Олар экология, астрономия, геология сынды бірнеше бағыттар бойынша тың жобаларды таныстырды.

Нәтижесінде, комиссияның шешімі бойынша №15 мектеп-лицейінің оқушысы Бекмұхаммед Айтбай І орын иеленді. Ал ІІ орынды С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің оқушылары Рауан Есенбек, Мейіржан Нұраддин және Жалағаш ауданының Ә.Бердәулетов атындағы №34 орта мектептің оқушысы Бибарыс Асқарұлы қанжығаларына байлады. Жүлделі ІІІ орын Жанақорған ауданының №256 орта мектеп оқушысы Балнұр Сержан мен Қызылорда қаласының №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп-лицей оқушысы Гүлбақыт Сейітжанға бұйырд. Сонымен қатар, «Ерекше жоба» номинациясы бойынша Қазалы ауданының №249 мектеп-лицейінің оқушысы Ақтілек Нұрлыбек пен Шиелі ауданының оқушылар үйінен Саят Ақтөреев марапатталды. Сондай-ақ,барлық қатысушыларға алғыс хат табысталды.

байкау1.jpg
байкау2.jpg
байкау4.jpg
байкау3.jpg
байкау.jpg

Тағы да оқыңыз: