Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Бұл механизм мемлекет пен бизнестің өзара пайдалы ынтымақтастығын арттырып, ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартуға және қажетті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Биылғы жаңа оқу жылында Қызылорда қаласында 1500 орындық мектеп балаларға есігін айқара ашады.
Заман талабына сай жабдықталған еңселі білім ордасы жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынуда.
«Байтерек Скул KZ» ЖШС-нің жауапкершілігіндегі жеке білім ұясы барлық заманауи құрылғылармен жарақталып, бір мезгілде 1500 оқушыны қабылдай алады. Ең бастысы жеке мектеп болса да, білім беру ақысыз негізде жүргізіледі.
Басты мақсат – оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету және өңірдегі үш ауысымдық оқуды болдырмау.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аймақта білім саласы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі жақсы жұмыс жасап, 6 жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда бюджеттен қаржы бөлінетін 2 жоба Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында орналасқан 320 орынға арналған балабақша мен қаламыздағы СПМК-70 мөлтек ауданындағы 320 орындық балабақша тиімді қолданылуда. Ал бюджеттен қаржыландырылмайтын 4 жоба Жалағаш ауданы, Таң ауылдық округінде 90 орынға арналған балабақша мен Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 90 орындық «Рауан» инклюзивті балабақшасы және «Студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету» жобалары жұмыс істеуде.

