Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде сатып алу акциясы өткізілуде.

Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап республика көлемінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қару сатып алу бойынша кезекті акция өткізілуде.    

Акцияның негізгі мақсаты - азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады. Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Алынған қарудың түріне және техникалық жай-күйіне байланысты  сыйақы тағайындалады.     

Акция басталғалы 8 күн уақыт өтті. Осы аралықта облыс тұрғындарынан 30 өтініш түсті. Қазіргі таңда барлығы 49 дана қару қабылданған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес бір айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.   

«Құрметті облыс тұрғындары! Тіркеуде жоқ заңсыз сақтаудағы қаруларды, жарылғыш заттарды полиция бөлімдеріне  өткізіп, қарумен жасалатын қылмыстардың және төтенше оқиғалардың алдын алуда өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз», - делінген хабарламада. 

Тағы да оқыңыз: