Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында демеуші мердігер мекемелердің қаражаты есебінен 50 ойын алаңы құрылысын салу жоспарланған болатын. Бүгінде 12 ойын алаңы ел игілігіне берілді. 13-нің құрылысы басталса, 26 балалар алаңының орны белгіленген. Сонымен қатар қазір бұзылған ойын алаңдары жаңартылып, балалар денсаулығына қауіп туғызатын барлық ойын алаңқайы жөнделеді.
Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында СПМК-70/2 тұрғын ауданында ипотекалық 50 пәтерлі 10 көпқабатты және Сырдария өзенінің сол жағалауында 50 пәтерлі 1 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Бұған қоса, сол жағалаудың №2 шағын ауданынан салынатын 5 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 3 млрд 149 млн теңге бөлінген. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылым бойынша тиісті жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен қалада 9,9 млрд. теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осылайша, қаланың инфрақұрылымының дамуы экономиканың түрлі салаларындағы жаңа бағдарламалар мен жобаларды іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.