Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері Мылтықбай Пейісовтың есіміне Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылынан көше аты берілді. 

Шараға Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы, облыстық Ардагерлер кеңесі, аудан,ауыл әкімдігі өкілдері, ардагердің туған-туысқандары қатысты.

Запастағы милиция полковнигі Мылтықбай Пейісовтың ел үшін жасаған еңбегі ерен.

«Көптеген жылдар бойы Ішкі істер органдарында қызмет атқарып, біліктілік пен қажыр-қайраты арқасында зор абырой биігінен көрініп, қоғамға, ұрпаққа абзал жан ретінде танылған Мылтықбай ағамыздың өмірі, еңбек жолдары баршамызға өнеге. Бүгінгі тарихи тағылымды күнде Мылтықбай Пейісұлының рухына тағзым ете отырып, Ата ізін ұлықтаған ұрпақтарына облыстық Полиция департаменті атынан береке-бірлік, амандық тілеймін. Ерін ардақтаған ел аман болсын», – деді Қызылорда облысы полиция басқарма бастығы полиция полковнигі Бауыржан Ибраев.

Пейісов Мылтықбай Пейісұлы 1929 жылы 20-шы желтоқсанда Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келген.

Осы ауылда «Қызылту» атындағы 7 жылдық мектепті бітіріп, 1944-1946 жылдар аралығында колхозда жұмыс істеген.
1946 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласындағы М.Маметова атындағы педогогикалық училищеге түсіп, оны 1949 жылы бітіріп, Тереңөзек ауданының «ВЛКЖО», «Қызылту» орта мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ берген.
1952 жылдың қараша айында армия қатарына алынып, 1955 жылдың қараша айына дейін Приморск крайы, Ворошилов қаласына қарасты Барабаш селосында 62133 номерлі арнайы батальонда азаматтық борышын атқарып, осы әскери бөлімде коммунистік партия қатарына қабылданған.

1956 жылдың ақпан айында Қызылорда қалалық партия комитетінің жолдамасымен ішкі істер органына қызметке жіберіліп, жұмысты қалалық ішкі істер бөлімінде қатардағы милиционерден бастап, 1957 жылдың тамыз айында КСРО ішкі істер министрлігінің Ташкент қаласындағы милицияның арнайы орта мектебіне түсіп, 1959 жылы бітіріп шыққан.

Қызметті Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында жалғастырып, қылмыс іздестіру бөлімінде жедел, аға жедел уәкіл, бастықтың орынбасары, қалалық ішкі істер бөлімінде бастықтың орынбасары, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінде, облыстық ішкі істер басқармасында БХСС (жемқорлықпен күрес жүргізетін бөлім) бөлімдерінде бастық болып қызмет атқарған.

Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында қызмет істеп жүрген кезінде 2 рет (4 жыл) партбюроның хатшысы, ал Сырдария ауданында бірнеше рет аудандық партия комитетінің Пленум мүшелігіне, атқару комитетінің мүшелігіне және аудандық кеңестің депутаты болып сайланған.

Ішкі істер органдарында 38 жыл қызмет атқарып, 1990 жылдың тамыз айында милиция полковнигі шенінде зейнеткерлікке шыққан. Білімі жоғары, 1966 жылы сырттай ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы жоғарғы мектебін бітірген, заңгер.

1990 жылдан бастап облыстық ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің басшы қызметінде, 1990-2000 ж.ж. төрағаның орынбасары, 2000 - 2016 жылдары аралығында Кеңестің төрағасы қызметін атқарған.

Ұлы Отан соғысы кезінде колхозда Үздік жұмыс істегені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1947 жылғы жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медальмен, ҰОС-ғы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдық омыраулық медальдарымен, ішкі істер органдарында ұзақ жылдар «мінсіз қызмет атқарған еңбегі үшін» ішкі істер министрлігінің ІІІ-ІІ-І дәрежелі, Қ.Р-сы полициясының 15 жылдығы және В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығы омыраулық медальдармен марапатталған.

Ардагерлер ұйымының жұмысында белсенділік көрсеткені үшін Ішкі істер министрлігінің «Құрметті Ардагері» омыраулық белгісімен, 2002, 2007 жылдары Құрмет Грамотасымен және 2010 жылы облыс әкімінің Алғысымен марапатталған.

316240228_152465964188389_1871222123509760993_n.jpg
316172436_152465944188391_3789351628528193116_n.jpg
316415939_152465924188393_554749283219589136_n.jpg
315849348_152465904188395_8808935807378389032_n.jpg

Тағы да оқыңыз: