Kyzylorda-news.kz  Бүгінгі таңда Қызылорда қаласында халықты баспанамен қамту көрсеткіші артып келеді. Бұған себеп жыл сайын облыс орталығынан көпқабатты үйлердің көптеп бой көтеруі.

Мәселен, өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында өңірімізде алғаш рет сол жағалау тұрғын ауданынан 504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Енді аталған тұрғын үй аумағын абаттандыру, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, сол жағалаудан 470 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үйдің де құрылысы аяқталған. Бүгінде аталған аумақта да абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қаланың сол жағалау аумағында соңғы жылдары зәулім ғимараттар бой көтеріп, түрлі әлеуметтік нысандар салынуда. Соның нәтижесінде мұнда қоныстанушылар саны да артып келеді.

Шаһардағы баспана салу жайы әлі де жалғасатын болады. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта тағы 84 пәтерлі жеті қабатты 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін мыңнан аса пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тағы да оқыңыз: