Kyzylorda-news.kz  Тоғыз ай бұрын баласы дүкен жанындағы желдеткіштің электр тоғына түсіп қайтыс болған қызылордалық Ерубаевтар отбасы әлі күнге әділдік іздеп шырылдап жүр, – деп хабарлайды Қазақпарат.

Оқиғаның жай-жапсарын жәбірленушінің анасы Жанар Ләпбаева айтып берді. 

– 11 жастағы ұлым Данияр 2024 жылы 19 тамыз күні кешкі сағат тоғыз шамасында үйге ертіп келген досын шығарып салмақ болып далаға шығып кеткен. Арада 15-20 минут өткенде 15 жастағы үлкен ұлым «мама, көшенің бас жағына келіңізші, Данияр ес-түссіз жатыр» деп қоңырау соқты. Жүгіріп шықсам, баланы дүкеннің жанынан көтеріп әкеп, сол жерге жатқызған екен. Қасына жетіп бардым. Ес-түссіз. Жедел жәрдем шақырғанымызбен келген жоқ. Жолай өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, сонымен облыстық балалар ауруханасына апардық. Кейін сұрастырып білгенімдей, Данияр досын шығарып салғасын көрші балалармен жасырынбақ ойнапты. Бәрі жан-жаққа қашқанда бұл қуысқа тығылған. Дәл желдеткіштің тұсы. Соның суы тамшылап ағып, түскен жері балшыққа айналған. Орнынан тұрмақ болғанда аяғы тайғанап кетіп, кондиционердің сымын ұстап қалып, тоқ ұрған. Оған сол жердегі аяқ іздері дәлел. Бірге ойнаған балалар іздеп таппаған. Тек үлкен ұлым көріп қалып, мені көмекке шақырған, – деді ол. 

Данияр бес күн облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатып, 2024 жылдың 24 тамызында көз жұмған. Баланың сол қолымен тоқты ұстап қайтыс болғаны сот-медицина сараптамасының қорытындысында көрсетілген. Сол күні қылмыстық іс тіркелген.


Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform
Жанар Ләпбаева соның сотқа жетпенгеніне алаңдаулы. Созбалаңға салып жүргенде істі жауып тастай ма деген қорқынышын да жасырмады. 

– Осыған дейін бірнеше тергеуші ауысты. Қай-қайсысының алдына барсаң да «аға-көкелеп», бәрін қатыратын етіп шығарып салады. Кейін бір жауабын білгім келіп қоңырау шалсам, тұтқаны көтермейді не хабарламама жауап бермейді. Тергеуші бірде бұл істің сотқа бару-бармауы екіталай екенін айтқан. Тіпті бір рет – былтыр 27 желтоқсанда жабылып, 30 желтоқсан күні өзім қайтадан қылмыстық іс аштырғанмын. Сот-медицина сараптама қорытындысы қолымда. Тіпті баламның тоқты ұстаған сәті түсірілген видео бар. Құзырлы органдарға қанша арыздансам да қозғалыс жоқ, – деді Жанар Ләпбаева.

Ол ұлының өлімі желдеткіштің сыртына қоршау қойылмауынан, дүкен иесінің бұған немқұрайлы қарауынан болды деп есептейді.

«Иесі алдымызға бір рет те кешірім сұрап келген жоқ. Жұмысын әлі жалғастырып жатыр» деген жәбірленушінің анасы қылмыстық істің тезірек сотта қаралып, кінәлі тарап жазаға тартылғанын қалайды. 

Біз бұл мәселе бойынша жауапты орындарға ресми сауал жолдағанбыз. Қызылорда облыстық полиция департаменті істі қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізгенін мәлімдеді. 

– Қылмыстық іс бойынша жан-жақты және объективті түрде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне сәйкес заңды түрде процестік шешім қабылданады. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының талабына сәйкес қылмыстық іс жүргізу барысы тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайды, – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов. 

Қызылорда облыстық прокуратурасының ресми жауабында да тергеп-тексеру туралы мәлімет егжей-тегжей жарияланбайтыны көрсетілген. 

– Аталған дерек бойынша 2024 жылы 24 тамызда Қызылорда қалалық полиция басқармасы адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеп, тергеп-тексеру басталған. Іс бойынша прокуратураның нұсқауына сәйкес бүгінгі күні тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе прокуратураның бақылауында, – деді Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Мәди Сарпеков. 

Еске салсақ, бұған дейін баланың әкесі Рустам Ерубаев сол оқиғадан кейін де дүкеннің әлі жұмыс істеп тұрғанын жеткізген еді. Оған ешкім шектеу жасамаған. Оқиғадан кейін дүкен иесі желдеткіштің айналасына жұқа тор сыммен қоршау жүргізген.

Фото: Әділжан Үмбет/ Қазақпарат

Тағы да оқыңыз: