Kyzylorda-news.kz 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Тіл – достықтың тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Елена Пак, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Гүлзира Сәрсенбек, облыстық тілдерді оқыту орталығының ғылыми-әдістемелік бөлім басшысы, ф.ғ.м. Алтынай Орынбаева, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж оқытушысы Роза Махамбетәлиева, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары және архив қызметкерлері қатысты.

Басқосудың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жас ұрпақты тіл мәдениетін сақтауға баулу, рухани бірлікті нығайту.

Жиында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, жастарға тіл үйретудегі тәжірибелер, тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар №264 мектеп-лицейі жанындағы «Жас домбырашылар» үйірмесі өнер көрсетіп, оқушылар тіл тақырыбында жыр-шумақтарын оқыды.

Шара соңында архив қоры негізінде дайындалған «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты көрме мен «Ахмет. Ұлт ұстазы» бейнеролигі көпшілік назарына ұсынылды.

Тағы да оқыңыз: