Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов бірқатар еңбек адамдарын, яғни, тазалықшыларды марапаттады.
Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Birge: Taza Qazaqstan» акциясы аясында қаланың санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру шараларына белсенді қатысып, зор үлесін қосқаны үшін аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты», облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың «Алғыс хаттарын» табыстап, еңбегі ерен жандарға жылы лебізін білдірді.
«Сіздер елдік істің бел ортасынан табылып, барлық бастамаларға үн қосып, жанашыр екендеріңізді көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да белсенді азаматтық ұстанымдарыңызды қаланың дамуына жұмсап, әрбір шараға бастамашыл болады деп сенім білдіремін» деген шаһар басшысы маңдай тер мен адал еңбек иелері қашанда құрметке лайық екенін айтты.
Акция өтпей-ақ, шілденің аптап ыстығы мен қыстың суығына қарамастан тазалық жүргізіп, қала келбетін көріктендіруге атсалысып келе жатқан еңбек адамдарын қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаса береді.
Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді қатысқан азаматтарды марапаттаған болатын.


