Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында тазалық жұмысымен бірге көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмысы басталып кетті. Бұл бойынша тиісті шаралар жылда атқарылып келеді. Биыл да жалғасын табуда.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 427 млн теңге қаржы бөлініп, оның ішінде 51 сквер-аллея орналасқан аумақтарда көлемі 54 мың шаршы метр гүлдер мен газондар, қала аумағының орталығындағы ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйелерін, жасыл екпелерді суаруға арналған насостарды, талдарды балақтау, ақтау, талдарды химиялық өңдеу, символдарды және ұңғымаларды күтіп ұстау жұмыстары қарастырылған. Бұл толығымен атқарылды.
Сонымен қатар былтыр Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» каналдарын күтіп ұстау, пайдалану, сондай-ақ, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыстарына 25,7 млн теңге бөлінді. Ұзындығы 13,8 шақырым болатын «Қызылжарма» каналы арқылы КБИ, Коммунизм, Шанхай, Гагарин шағын аудандарындағы арық жүйелерімен 40 мыңға жуық халқы мен Қызылжарма ауылдық округіндегі 8 мыңға жуық тұрғын аяқсумен қамтылды.
Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және экологиялық ахуалы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне тікелей тәуелді. Осыған орай бүгінде күрделі болып отырған аяқсу мәселесі бойынша Қызылорда қаласында су тапшылығының алдын алу мақсатында барлығы 31 техникалық ұңғыма орнату бойынша республикалық бюджетке өтінім жолданып, Үкімет резервінен қолдау тауып, қалаға 11 және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерге 20 техникалық ұңғыма орнатылды. Қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық конкурстарға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, аяқсумен қамтамасыз етуге 14 техникалық ұңғыма орнату бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде және нәтижесі анықталғаннан кейін тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Абаттандырудың жайы бөлек. Мамандардың айтуынша, абаттандыру жұмыстарына келетін болсақ, жалпы 2022 жылы 564,0 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, машина және механизм қызметі, брусчатканы ағымдағы жөндеу, қоршауларды жуу мен сырлау, ескерткіштерді, су бұрқақтарын, аялдамаларды, аллея мен скверлерді, қала паспорттарын, контейнер алаңдарын, бильбордтарды, ҚР Тұңғыш Президенті саябағын, қаладағы балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмысы жатады. Осы аталған жұмыстар толығымен орындалды. «Қызылорда қаласындағы Қазыбек би көшесінен Қазантаев көшесіне дейін Әйтеке би көшесін абаттандыру» жобасы бойынша өткен жылы сараптаманың оң қорытындысы алынып, абаттандыру жұмысы атқарылды.
Бұл бойынша 1502 м2 кеспе тастар, 480 м жиек тас, 19 заманауи жарық бағанасы, 2 заманауи пішіндер, 1 арка, 33 орындық қоқыс жәшігімен бірге және 1 «Глобус» тәрізді субұрқағы орнатылды. Сонымен қатар облыстық бюджет қаражаты есебінен 2020 жылы бастау алған Ы.Жақаев, Әйтеке би, Бұқарбай батыр көшелері, орталық стадион аумағын абаттандыру жұмыстары және қаладағы 5 көше жарық бағанасын орнату жұмыстары жүргізіліп, облыстық бюджеттен осы жұмыстарды толығымен аяқтауға қосымша 237,0 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған жобалардың ішінен қазіргі таңда Әйтеке би көшесі және қаладағы 5 көшені жарықтандыру толығымен аяқталды. «Қызылорда қаласы, С.Бейбарыс көшесін Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін абаттандыру» жобасы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, жалпы сметалық жоба құны 1 741,7 млн теңгені құрайды. Осы жұмыстарды бастауға облыстық бюджеттен 300 млн теңге қаражат бөлінді.
«Қызылорда тазалығындағы» тіршілік «Қызылорда тазалығы» мекемесін бәрі біледі. Бүгінде бұл мекеме 5 бағыт бойынша өз жұмысын атқаруда. Атап айтар болсақ, санитарлық тазалық, тұрмыстық-қатты қалдықтарды шығару, көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және полигон қызметтері кіреді. Аталған қызметтердің ішінде санитарлық тазалық жұмыстарына қаралған қаржы кәсіпорынға түсетін негізгі кіріс көзі. Осы ретте 2021 жылы санитарлық жұмыстарына 666 млн теңге, 2022 жылы 699 млн теңге, 2023 жылы 836 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына қаралған қаржы қаланың 240 көшесін тазартуға бөлінген болса, іс жүзінде 350ден астам көшеге жүргізілуде. Жаз айларында көше арам шөптерден тазартылып, бордюрлер, көше бойындағы талдар толығымен ақталып, қала көшелеріне екі мезгіл су себіліп, қоқыс қалдықтарынан тазартылуда. Осы бағытта қалалық полигонға 2018-2020 жылдары күнделікті 340 м3 қоқыс шығарылса, казіргі күні күнделікті қалалық полигонға 780 м3 қоқыс шығарылуда. Қала көлемінің ұлғаюынан шығарылатын қоқыс көлемі де 160%-ға өсіп отыр.
Қаладағы көшелердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін және қала тұрғындарымен қоқыстарды бей-берекет белгіленбеген орындарға тастауынан антисанитариялық жағдайдың алдын алу, үйілген қоқыс алаңдары пайда болуына жол бермеу мақсатында кәсіпорын тарапынан осы жұмыстарға арнайы мобильдік топ құрылып, рейдтік іс шаралар жоспары ұйымдастырылып, жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың соңында жүргізілген рейдтік ісшаралар нәтижесінде жеке сектор мен көпқабатты үйлердің тұрғындарына 2396 ескертпе парақшасы таратылып, 850 үй иесіне түсіндірме жұмысы жүргізілді. Рейдтік іс-шара барысында санитарлық талаптарды бұзған 38 азаматқа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505 бабы бойынша ескерту беріліп, 434-2 1 тармағы бойынша 86 азаматқа жергілікті полицияның учаскелік инспекторларымен айыппұл салынды. Шағын және орта кәсіптік нысанның иелеріне 18 ескерту жасалып, 58 кәсіптік нысанның иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қала орталығы және қаланың шет аймақ көше қиылыстарына қоқыс тастамау жөнінде 91 ескерту тақтайшасы орнатылды.
Көпқабатты тұрғын үй арасында орналасқан қоқыс алаңына құрылыс қалдықтарын тастамау жөнінде 40 ескерту тақтайшасы ілінді. Көппәтерлі тұрғын үйлерге тозығы жеткен 341 қоқыс жәшігі жаңартылды. Қазіргі уақытта қала және шет аймақтары бойынша тазалықты бақылау мақсатында жылжымалы 3 бейне бақылау құрылғысы жұмыс істеуде. Бейне бақылау арқылы анықталған 27 заңсыз белгіленбеген орындарға қоқыс тастау фактілері бойынша шара қолдану үшін жергілікті полиция басқармасына жолданды. Оның 14 фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, соның ішінде 6-ына ескерту шаралары берілсе, 8 факті бойынша 14585 теңгеден әкімшілік айыппұл салынған.

