Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 50 жыл толуына орай «Сыр күріші – ел ырысы» атты ақпараттық сағат өткізді.

Іс-шара барысында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты Басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА корр.-мүшесі Ә.Тоқтамысов мекеменің құрылу тарихындағы тың деректермен және мекеменің тек күріш шаруашылығымен ғана емес, жергілікті климатқа бейімделген бидай, арпа, жоңышқа, сұлы және мал азықтық дақылдарының да селекциясымен, оларды өсіру технологиясымен айналысатын жайлы мол ақпарат берді.

Мекеменің кіші ғылыми қызметкері Н.Жұмашев және машықтанушы А.Орынбекқызы «Тұқым шаруашылығы зертханасының» іс-тәжірибесімен күріштің жергілікті «Маржан», «Сыр сұлуы», «Ай Керім», «КазЕр-6», «Түгіскен-1», «Ай Сәуле», «Ару» және т.б. бірнеше сорттарымен, оларды өсіру, күтіп-баптау, жинау жұмыстарымен таныстырды.

Кітапхана қызметкерлері күріш шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дән атасы Ыбырай Жақаевтың және т.б. еңбек адамдарының өнегелі өмір жолымен, ауыл шаруашылығы саласындағы «Қазақстан күріші», «Күріш өсірушінің анықтамалығы», Ә.Тәжібайұлының «Күріш ауыспалы егістігін механикаландыру», Б.Айдосовтың «Дала академигі Ыбырай Жақаев және оның ізбасарлары», Ж.Әбілдаеваның «Арал өңіріндегі күріш ауыспалы егісі дақылдарының аурулары мен зиянкестері және оларды қорғау жүйесі» және т.б. әдебиеттерге библиографиялық шолу жасады.

Іс-шараның мақсаты аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми шаңырақтың тарихымен таныстыру, ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдардың еселі еңбектері мен ауыл шаруашылығы саласындағы әдебиеттерді насихаттау болып табылады.

316305315_1808579822857718_8101705557817460740_n.jpg
316943129_1808579819524385_3920257616143265902_n.jpg


 

Тағы да оқыңыз: